Жергілікті атқарушы органдарға автогаз құю станцияларының шекті санын белгілеу құқығы берілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Сұйытылған мұнай газының бағасын бекіту өкілеттігі Табиғи монополияларды реттеу комитетіне берілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

Астанадағы Шұбар елді мекені газға қосылды
Фото: Астана әкімдігі

- Сұйытылған мұнай газы нарығында бүгіннің өзінде құрылымдық тапшылық қалыптасып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сұйытылған мұнай газының нақты тұтыну көлемі 2 млн тоннаны, ал өндіру көлемі 1,8 млн тоннаны құрады, - деді депутат.

Оның атап өтуінше, салада келесі бағыттар реттелмеген:

- сұйытылған мұнай газын пайдаланатын көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы;

- автогаз құю станциялары санының өсуі;

- өндірушілердің жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарының үйлестірілуі.

- Осы жағдайды тұрақтандыру мақсатында сұйытылған мұнай газын пайдаланатын көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жобалау тапсырмаларын келісу, сондай-ақ өндірушілердің жоспарлы-алдын алу жұмыстарының кестелерін бекіту өкілеттігін Энергетика министрлігіне беру; жергілікті атқарушы органдарға автогаз құю станцияларының шекті санын белгілеу құқығын беру ұсынылады, -деді ол.

Еділ Жаңбыршин көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылытуға арналған сұйытылған мұнай газы бағасының мемлекеттік реттелмеуі де өзекті мәселе болып отырғанын айтты.

- Жылыту маусымында газдың бағасы бір тоннасына 150–ден 200 мың теңгеден 250–ден 300 мың теңгеге дейін өседі. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылытуға арналған сұйытылған мұнай газының бағасын бекіту өкілеттігін Табиғи монополияларды реттеу комитетіне беру ұсынылады, - деді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, тауарлық газды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жеке және коммуналдық тұтынушылар үшін сараланған тариф саясатын құруға бағытталған заң жобасына қатысты Еділ Жаңбыршин Kazinform тілшісіне сұхбат берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум