Жерлеудің жайы жан ауыртады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қолымызға қалам алып, хат жазуымызға қостанайлық ақын Нағашыбай Мұқатовтың «Жерлеу рәсімі бір жүйеге келсе» деген (25.04.2015 ж.) мақаласы ойтүрткі болды.
None
None

Мына жалған дүниеде тозбайтұғын темір, озбайтұғын өмір жоқ. Кез келген тіршілік иесінің талқанының қашан, қай жерде, қалай таусылатынын ешкім дөп басып алдын ала айта алмайды. Мақала авторы Нағашыбай Мұқатов басылым бетінде: «Жалпы, бұқара жұртшылықтың айтуынша, Қазақстанда жарық дүниемен қош айтысқан жандарды мәңгілік сапарға шығарып салу рәсімінің мойындалған, қуатталған, ортақ тәртібі байқалмайды» деп орынды мәселе көтеріпті. Ойды, әрине, ой қозғайды. Газетте көтерілген мәселені қолдай отырып, ол жайында көңілде жүрген бірді-екілі ой-пікірімізді ортаға салсақ деймін. Қайтыс болған адамның артынан дәм беру - атамзаманнан келе жатқан салт-дәстүр. Бұл - қазекеңнің қанына сіңген қасиет. Осынау дәстүр сабақтастығы кешегі қиын кезеңдердің өзінде де үзілген жоқ. Сол дәм татыру қазір ауылдық жерде қайдам, Қарағанды шаһарында кішігірім той сияқты өтеді. Бақи болған жанның құрметіне алғашқы күні кешке (мешіт асханасы көбіне бос болмағандықтан) мейрамхана немесе тойханада 100-150 (кейде - 200) адамға арналып тамақ беріледі. Дастарқан үстіне неше түрлі тағам қойылады. Келесі күні «мәйітті» жерлеп келген соң, әлгі мейрамханада осыншама адамға қайтадан ас дайындалады. Осы орайда: «Ертеректе тынысы үзілген жанды Жер-ананың қойнына тапсырған соң ғана ас ішілетін. Қазір мүлде басқаша. Асханаға жиналған жұрт назары табақ-табақ етке аударылады. Сойылған мал семіз болса, қазысы үш елі екен, болмаса кірпіш екен деп, ал арық болса, қоңдысын таба алмаған ба? - деп және әңгімеге айналдырады» деген мақала авторының айтқаны біздің жақта да бар. Пайғамбарымыз астың ысырап болғанын еш қаламаған. Кейде қалып қойған, басы артық асты көргенде ішің удай ашиды. Ыдыс-аяқты жинап жүрген даяшы қыздың еті бар тәрелкелерді бірінің үстіне бірін нығыздап жатқанын көргенде өзіңнен өзің ыңғайсызданасың. Қайран рәсуа болған тамақтар-ай! Адамның бәрі бай емес, бірінің жағдайы бар, ал енді бірі - жоқ-жұқана. «Қоянды қамыс өлтіреді, ер­кекті намыс өлтіреді» дегендей, азалы жан алдымен сойылатын мал мен ас беретін мекенжайды іздейді. Ол дегеніңіз бірден та­была қояды дейсің бе? Әбден әккі болып алған мал сатушы мен мей­рамханадағылар қысылып келген кісіге бағасын көтеріп айтады. Амал жоқ, айтқанына келісесің. Арамызда осындай қиындықты бастан өткізіп жүргендер қаншама? Оның моральдық, материалдық жағдайын кім түсініп жатыр? Әрине, ел-жұрт, ағайын-туыс, бата жасап келер, бірақ олардан жиналған шамалы тиын-тебен неге жетеді? Біздің сөз етіп отырғанымыз тек алғашқы күнгі ас беру рәсімі. Осыны үлкен асхана мен мейрамханада, тіпті, тойханада өткізу қажет пе? Аталарымыз ертеректе айтып отыратын: қонақасы қайтыс болған адамның үйіне алыс-жақыннан қона келген кісілерге беріледі деп. Ендеше, соны неге ескермейміз?! Көңіл айтып келгендерге үйде дас­тарқан жайып қойса жетеді. Әрі-беріден соң, олар тамақ үшін келмейді ғой! Келешекте осы үр­діске бет бұрсақ деймін. Үйге адамдар сыймаса, оны түсіністікпен қабылдайық. Қара жамылған ша­ңырақтың шайын сораптап, дас­тарқан басында ананы-мынаны айтып, ұзақ отыратындарды да кездестіріп жүрміз. Бұл дұрыс емес, есесіне жаңадан келген кісілерге үй ішінен орын босатайық. Ал жерлеп келген соң «қонақасын» қайда өткізсе де қарсылығымыз жоқ. Мақала авторы Н.Мұқатов: «Зи­рат басындағы жағдай да мәз емес. Адамдар өздерінің бұдан пәленбай жыл бұрындары қайтқан жақындарын аралап кетеді. Тіпті, басына барып құран бағыштап отырады» деген пікірінің жаны бар. Жасыратыны жоқ, аймағымызда бұл жағымсыз әдет жалғасып келеді. Осыдан біраз жыл бұрын қа­зақтың талантты жас ақыны, қарағандылық журналист Базар Мамырды туған жері - Шығыс Қазақстан облысының Майемер ауы­лына апарып жерледік. Тау бөктеріндегі бейітке ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналғандай. Сүйсініп қалдық. Өкінішке қарай, қабір басындағы құран оқыған сәтте олардың көбі төбе көрсетпеді. Сол жерде жаңадан тағайындалған мешіт молдасы бейіт жағалап кеткендерге ренжіп: «Құрметті жамағат! Сіздердің бұл іс-әре­кеттеріңіз дұрыс емес. Ағамызды ақтық сапарға шығарып салуға арнайы келіп, бір уыс топырақ салуға жарамадыңыздар. Есесіне қайтыс болған туыстарыңыз бен таныстарыңыздың басына барып, құран бағыштап жүрдіңіздер.Сіздердің бұл тілек-ниеттеріңіз қабыл болған жоқ. Бұлай жасауға болмайды. Пайғамбарымыз 467-ші хадисінде: «Қабір басына барып дұға етіп тұрыңдар, бұл сендерге болашақ өмірің жайлы ескертеді», - делінген. Бірақ, Құдайдың күні көп, қалаған уақытта барыңыздар!» - деп ащы да болса ашығын айтты. Жақында сол жақтан келген азаматтардан естіп-білдім, әлгі имамның бұл ескертпесі оң нәтижесін бере бастапты. Ендеше, біз де мұны қолдайық! Тағы бір мәселеге назар­ла­рыңызды аударсам деймін. Жа­қында елге сыйлы ардақты ана дүние салды. Ауыл бейітінің басында жаңбыр сіркіреп тұр. Мұны бәріміз жақсылыққа жорыдық. Құран оқу басталды. Бәріміз тізе бүктік, жайғасып отыруға жағдай жоқ. Бес адам құран оқуға кірісті. Өздері орындыққа отырып алған, арасында бір молдасы бар. Құдай кешірсін, үшеуінің «құранға» тілі келмейді, не айтып жатқанын түсіну қиын. Оның үстіне оқу мәнерінің оңып тұрғаны да шамалы. Уақыт созылып кетті. Жиналғандар мазасыздана бастады. Бірі қысылып...енді бірі жұмысқа кешігіп, қайсы бірінің аяғы талып дегендей. Мұндай ыңғайсыз көрініс кез келген аймақта кездесетіні хақ. Осы үрдіс қажет пе? Дін басшылары оны неге ретке келтіріп, ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді? Барлық жерде осындай деп көпке топырақ шаша алмаймын. Дегенмен, облыстың өкіл имамдары бұған да бір сәт көңіл бөлсе, саннан сапаға көшіп, құранды бір молдаға оқытқызғаны жөн болар. Құранның құнын түсірмейік, ағайын! Ой-пікірімізді ортаға салуға түрткі болған «Жерлеу рәсімі бір жүйеге келсе» деген мақалада: «Дас­тарқан басындағы әдепсіздік күн сайын үлкейіп, үдеп барады. Бұл жөнінен елорда - Астана қаласы ең алдыңғы орында. Мұнда ет мүше-мүшесімен үйіліп әкелінеді. Аз туралады. Жиналғандар ішінен бір белсенді жеңін түріп, суырыла шығады да үстел басында отырғандарға етті бөліп береді. Қуаныш болса бір сәрі, қайғыда дастарқан басындағы тағамдарды салып алып, бүйірі бұлтиған пакеттерді үйлеріне әкетуге жұрт дағдыланып алған» делінген. Шындығында солай екен. Өт­кен жылы Астана қаласының маңындағы «Қосшы» елді мекенінің тұрғыны болған құда баламыздың қырқына бардық. Мейрамханада өткен ас беру рәсімінде соның куәсі болып, жағамызды ұстадық. Әлгіндей «шабуылдан соң» еті жоқ табақтағы қамырдан ауыз тидік. Жас өліктегі осынау жағымсыз әдет жергілікті тұрғындар үшін аса ерсі көрінбеді. Бұрын ата-аналарымыз қайтыс болған қариялардың ғана дастарқанынан ырымдап балаларына бір-екі кәмпит әкелетін. Ал мұның орны мүлде бөлек ғой! Біз неге ұсақталып барамыз? Сөз орайы келгенде айта кетейік, бұл «келеңсіз көрініс» Астана мен Ақмола облысының кез келген той-думанында кездеседі. Қабір басына қайта оралайық. Әр жердің, әр аймақтың салты басқа. Мұны бір кісідей ұғынамыз. Бірақ, оның көңілге қонымдысы да, көлеңке түсіретін тұстары да бар. Айталық, Қарағанды облысының Жаңаарқа, Ақтоғай, Шет аудандарында кәдімгі бейіт қабырғаларына марқұм болған кісілердің есімдерін майлы бояумен немесе түрлі-түсті кірпішпен бадырайтып жазып қояды. Мысалға: «Марат», «Бей­сенбай», «Қаламқас»... деген атау­лар алыстан қарағанда көзге оғаш көрінеді екен. Мұнысы несі?! Зират басындағы құлпытаста онсыз да қайтыс болған адамның аты-жөні, руы мен туған жылы, көз жұмған күні толықтай жазылған ғой. Түсінсем бұйырмасын. Ал, Алаштың үш арысы дүниеге келген Ақтоғай ауданында еліміздің еш жерінде кездеспейтін дәстүр бар. Ол - сақылдаған сары аязға, қарлы боранға, нөсерлетіп жауған жаңбырға қарамай, марқұм болған жанның мүрдесін күн шықпай мәңгілік мекеніне жерлеу. Бұл ертеден келе жатқан үрдіс көрінеді. Мұны естігенде бір уыс топырақ салуға келетін ағайын-туыс түнімен ұйықтамайды екен ғой! - деп таңданасыз да қоясыз. Жерлеу рәсімі елімізде әр алуан. Мысалға, Оңтүстікте қайтыс болған кісінің денесін лақаттап қояды. Яғни, қабірді терең қазып, бір қабырғаны дөңгелетіп ояды да, одан әрі оны үңги түседі. Нәтижесінде кішігірім үйшік пайда болады. Алдымен оған жан тапсырған адамның ең жақын туысы кіріп, тексеріп шығады. Отырғанда басы төбеге тимеуі керек. Содан кейін ол жерге мерт болған кісінің денесі жатқызылады. Бұл дәстүр орталық пен солтүстік облыстарда басқаша. Жер бір жарым метрдей тік қазылып, мәйіт сиятын шұңқыр жасалады да, оның үсті бетонмен жабылады. Жер қыртыстарының қолайсыз болуына байланысты лақаттап жерлеу тиімсіз, дейді жергілікті тұрғындар. Қалай десек те лақаттау дәстүрі шариғатқа жақындау сияқты. Бұл күндері жер-жерде аласа бейіттерден гөрі, көк тіреген күмбездердің қатары көбейе бас­тады. Әдемі-ақ! Бірақ, осы дұ­рыс па? Қасиетті Ислам діні не дейді? Айтқандай, соңғы кездері жерленетін жеріңіз сатыла бас­тады. Бағасы удай, оны бәрінің қалтасы көтере бермейді! Қызмет көрсету бағасына келісеміз, бірақ алақандай жерден ақша тауып, бизнесмен болып жүргендерді жергілікті басшылықтар сабасына түсіргені жөн-ау! Әйтпесе, көбіміз көмусіз қалуымыз ғажап емес. «Құран - Алланың сөзі, үкі­мі. Ережесі баршаға бірдей». Пай­ғам­барымыздың (с.ғ.с.) 417-ші хади­сінде осылай делінген. Қай жерде болса да Құран оқылғанда ұйып тыңдаймыз. Өкініштісі сол, соңғы кездерде дұға бағышталып жатқанда қалта телефонның дауысын жиі еститін болдық. Ол аздай-ақ телефонның тетігін басып жауап беретінін қайтерсіз! Мұндай мәдениетсіздіктен қашан құтыламыз? Молдалар өз міндетіне кірісер алдында неге осыны жұртшылыққа ескертпейді? Тағы бір айтарымыз бар. Имам дұға бағыштарда қайтыс болған адамның аты-жөнін алдын ала қағазға жазып алғаны, немесе жаттап алғаны жөн. Өйткені, құран сүрелерін оқып бола бергенде қасындағы кісіден: «Есімі кім еді?» - деп сұрайтынын, кейде аты-жөнін шатастырып алатынын жиі кездестіріп жүрміз. Мақалада көтерілген тағы бір өзекті мәселе - жаназада тұщымды сөз сөйлеу. Бұған қосарымыз бар. Біздің өңірде қонақасы мен қаралы жиында марқұм болған адам туралы мақтау сөзді көпіртіп айтатындар көбейіп кетті. Қарап тұрсаңыз, бірінің сөзін бірі қайталайды. Микрофон бермесе ренжиді. Ол кімге керек?! Айтпасын демейміз, қайтыс болған адамның өзгелерге өнеге боларлық адамдық қасиеттерін таратып айтсын! Бірақ, құрғақ сөзбен ұлы тұлға етіп көрсетудің қажеті қанша? Ол көп жағдайда аянышты күлкі тудырады. Тағы бір нәрсеге назар аударғым келеді. Жақында облысымызға танымал азамат дүние салған бауырының қырқын берді. Мейрамханаға келушілердің қарасы аз болған жоқ. Оқылған құран соңында молда қолын жайып: «Бұл дұғаның сауабы мына кісілерге тие берсін...», деді. Содан соң сол әулетке ағайын-туыс, құда-жекжат болып келетін ұзын саны 62 кісінің аты-жөнін қақалып-шашалып оқып шықты. Көпшілік он минут бойы қол жаюға мәжбүр болады. Осы дұрыс па? Белең ала бастаған бұл үрдістің соңы қалай болар екен? Ел газеті «Егеменде» жарық көрген мақала авторының көтерген мәселесін қолдаймыз. Басылымның 30 жылдан бергі тұрақты оқырманы ретінде көңілде жүрген ойларымызды ортаға салдық. Оған Қа­зақстан мұсылмандары діни басқармасы назар аударса дейміз. Өйткені, Елбасымыз айтқандай, бүгінгі ұрпақ ділімізді, қасиетті дінімізді,тамыры терең тартқан дәстүрімізді білгені дұрыс.

Әли ТОЙЖІГІТОВ, тележурналист, мәдениет қайраткері. «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар