Жерорта теңізі елдерін аптап ыстық пен орман өрті шарпыды

АСТАНА. KAZINFORM — Жерорта теңізі аймағындағы елдерде аптап ыстық пен орман өрттері белең алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Жерорта теңізі елдерін аптап ыстық пен орман өрті шарпыды
Фото: sabah.com.tr

Метеорологиялық мәліметтерге сәйкес, Жерорта теңізі аймағындағы бірқатар өңірлерде ауа температурасы +40 °C-тан асып, халықтың денсаулығына, экожүйеге және инфрақұрылымға айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.

Қиын жағдай Түркия, Грекия, Италия, Испания және Францияның оңтүстігінде байқалып отыр. Көптеген ауданда өрт қаупінің ең жоғарғы деңгейі жарияланған. Төтенше жағдайлар қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, өрт ошақтарын сөндіруге құрлықтағы және әуедегі күштермен қатар еріктілер де тартылған.

Көптеген елдің билігі азаматтарды қорғау шараларын күшейтті: орманды аймақтардағы туристік бағыттар жабылып, өрт қаупі жоғары аймақтарда көлік қозғалысы шектелді, уақытша көмек және салқындату бекеттері ұйымдастырылды.

Тұрғындар мен туристерге күн астында ұзақ болмауға және ресми ескертулерге құлақ асуға шақырды.

Климатологтардың айтуынша, мұндай экстремалды ауа райы құбылыстары жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты жиілеп келеді. Аймақ елдерінің билігі ұзақ мерзімді бейімделу шараларын қабылдауға және табиғи қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге шақырып отыр.

Қиындықтарға қарамастан, жедел әрекет ету, халықаралық үйлестіру және еріктілердің көмегі өрттің таралуын шектеуге және келтірілетін шығынды азайтуға мүмкіндік беруде.

Мамандардың айтуынша, маусым айында температура күрт көтеріліп, Жерорта теңізі елдерінде ауа +40 °C-тан жоғары деңгейге жеткен. Бұл жағдай орман және ауылшаруашылық жерлеріндегі өрт қаупін күшейтті. Құрғақ шөп пен желдің әсері жалынның тез таралуына сеп болды.

Түркияның Орман шаруашылығы бас басқармасының дерегінше, 1–30 маусым аралығында елде барлығы 1 563 өрт тіркелген. Оның ішінде 612-сі орманда, 951-і ауылшаруашылық алқаптарында болған. 499 орман өрті бастапқыда егістік жерлерде басталып, кейін орманға таралған.

1–16 маусым аралығында, ауа райы маусымдық норма шегінде болған кезде, елде 203 орман өрті тіркелген. Ал айдың екінші жартысында аптап күшейіп, 409 орман өрті болған. Тек 27–30 маусым аралығында 147 орман және 195 ауылшаруашылық өрті болған.

Бұған дейін Түркияның бірнеше өңірінде орман өрті сөндірілгені хабарланған. Алайда ауа температурасының жоғары болуына байланысты өрт қаупі әлі де сақталып отыр.

Соңғы жаңалықтар