«Жершілдіктің белгілері байқалады»: Ерлан Қарин ескерткіштер мәселесін көтерді
АСТАНА. KAZINFORM — Ерлан Қарин Қазақстандағы ескерткіштердің мазмұндық және мағыналық сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ескерткіштер ұлттық бірегейлік пен ортақ құндылықтарды дәріптеуі керек.
— Алдағы уақытта тарихи жадты сақтау мәселелерімен жүйелі түрде айналысатын боламыз. Осыған дейін ескерткіштерді орнатуды реттеп, тәртіпке келтірдік. Енді олардың мағыналық, мазмұндық сапасына қатысты жұмысты бастаймыз. Өйткені, барлығына ортақ бір ұстаным керек. Өңірлерде ашылған ескерткіштерден жершілдік пен қоғамдағы тағы да басқа бір кеселдердің белгілері байқалады. Шын мәнінде, қандай да бір ескерткіш, мүсін немесе шағын сәулет формасы болсын белгілі бір деңгейде ұлттық бірегейлікті дамытуға, ортақ қоғамдық құндылықтарды орнықтыруға қызмет етуі керек, — деді ол.
Вице-Президенттің пікірінше, сол себепті қалыптасқан осы бір кемшіліктерді түзетумен жүйелі әрі тұрақты негізде айналысуды көздеп отыр.
— Бұл ретте, еліміздің бірқатар танымал мүсіншілерімен кездесіп, өз ой-пікірлеріммен бөлістім. Олармен бірнеше жаңа бағытта жұмыс жүргізуге келістік, — деді Қарин.
Бұған дейін Ерлан Қарин көпшілік алдында адамдарды алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайтынын айтқан болатын.