Жеті айда ЖІӨ өсімі 6,3%-ға жетті — Үкімет
АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметтің баспасөз орталығы алаңында өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мемлекет басшысының экономикалық өсім жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасын екі есеге арттыру жөнінде өршіл мақсат қойып отырғанын атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұндағы нысаналы көрсеткішке қол жеткізілді.
— Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, соның ішінде инвестицияны ынталандыру, өнімділікті арттыру және экономиканың шикізатқа жатпайтын секторын кеңейту есебінен жүруде. Биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6,3%-ға жетті. Нақты сектордағы өсім 8,3% құрады. Қызметтер өндірісі 5,2%-ға өсті, — деп хабарлады Серік Жұманғарин.
Негізгі драйверлер — көлік (+22,5%), құрылыс (+18,5%) және сауда (+8,6%) саласы. Тау-кен өнеркәсібінде өсу жалғасып (+8,5%), өңдеу секторы (+6,1%) жандана түсті.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 16,1%-ға өсті
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономикаға инвестиция тарту жөніндегі жұмыстар туралы хабарлады.

Вице-премьер қабылданған шаралар нәтижесінде қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 16,1%-ға өскенін атап өтті.
— Инвестицияның ең көп өсімі білім беру саласында 2,3 есе, қаржы қызметінде 90,1%, өңдеу өнеркәсібінде 38,7%, ауыл шаруашылығында 27%, денсаулық сақтауда 17,5%, көлікте 17% мөлшерінде байқалады,— деп нақтылады Серік Жұманғарин.
Экономиканы әртараптандыру: Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға өсті
Серік Жұманғарин Қазақстанда экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. Соның ішінде шикізатты терең өңдеу және аралас салаларды дамытуға баса мән беріліп отыр.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1% — ға өсті.
— Өсімге металл бұйымдар өндірісі мен машина жасауда 14%-ға, тамақ өнімдерінде 9,2%-ға, мұнай өңдеуде 8,6%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінде 6%-ға ұлғаю есебінен қол жеткізілді,— деп хабарлады Серік Жұманғарин.
Тау-кен өнеркәсібі де жоғары өсу қарқынын сақтап келеді — +8,5%. Бұл мұнай өндірудің 11,9%-ға, газ өндірудің 14,3%-ға және көмірдің 10,6%-ға артуымен байланысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет бос бюджет қаражатын банктерде уақытша орналастыру қағидасын бекіткенін жазған едік.