Жеті шелпекті неге жұмада таратқан және ол шариғатқа қайшы ма

АСТАНА. KAZINFORM – Халқымызда түске марқұм болған жақындары кірсе не қайтқан адамдарға Құран бағыштарда жеті шелпек пісіріледі. Бұл – ертеден келе жатқан дәстүр. Алайда оның түп-төркіні мен мәні неде? Kazinform тілшісі тарқатты.

шелпек пісіру
Фото: Kazinform / ЖИ

Жеті шелпек дәстүрі қайдан шыққан?

Шелпек – Еуразия құрлығындағы көптеген халыққа ортақ жұқа нан түрінің атауы. Қырғыздың май-тоқашы, түрікменнің челпегі, өзбектің чалпағы мен ұйғырдың чалпягы дайындалу тәсілі жағынан ұқсас.

Дегенмен тағамның әр халықтың тұрмысындағы орны мен дайындалу мақсаты әртүрлі. Мәселен, өзбектер шелпекті майдың иісі үйге жақсы таралуы үшін ортасын ашық етіп пісіреді. Ал көшпелі қазақтар үшін ол күнделікті ас қана емес, белгілі бір ниетпен дайындалатын ғұрыптық тағам болған.

Этнограф-ғалым, тағам антропологиясының маманы Әйгерім Мұсағажинованың айтуынша, жеті шелпек дәстүрінің негізі көшпелі өмір салтымен байланысты.

– Қазақтар шелпекті қуанышта да, қайғыда да пісірген. Алайда ғұрып тек жеті шелпекпен шектелмеген, – деді этнограф.

 

Шелпектің саны барлық өңірде бірдей болмаған. Мәселен, Абай облысының кейбір аудандарында тоғыз шелпек пісірсе, Алтай қазақтарының арасында қырық шелпек дайындау дәстүрі кездескен. Кейбір отбасыларда сегіз шелпек пісіріп, біреуін итке беру салты сақталған.

шелпек пісіру
Коллаж: Kazinform/ ЖИ

Ал дәстүрдің өңірлерге таралуына қатысты кейбір этнографиялық деректерде оның оңтүстік аймақтарда ертерек қалыптасқаны айтылады. Бұған халықтың бір бөлігінің жартылай отырықшы өмір сүріп, егіншілікпен айналысуы және ұн өнімдерінің қолжетімді болуы әсер еткен болуы мүмкін.

Этнографтың пайымынша, жеті шелпектің бүкіл елге ортақ дәстүрге айналуы кейінгі кезеңде, әсіресе 1950–1960 жылдары әр өңірдің тұрмыс-салты мен дәстүрлері араласа бастаған тұста кеңінен таралған.

Жеті санының астарында не бар?

Шелпекті қызған майға қуырудың өзіндік символдық мәні болған. Халықтық наным-сенімде майдың иісі үйдегі молшылық пен берекенің нышаны саналған. Сонымен қатар оның иісі аруақтарға жететін рухани ас ретінде қабылданған. Этнографияда мұндай ғұрып «иіс шығару» деп аталады.

Бұл түсінік көшпелі және отырықшы халықтардың тұрмысында әртүрлі көрініс тапқан. Көшпелілер аруақтарға арнап малдың майын жақса, отырықшы халықтар нан пісіру арқылы иіс шығарған. Осы тұрғыдан алғанда, жеті шелпек дәстүрінде екі мәдени түсініктің тоғысқанын байқауға болады.

Ал жеті санының таңдалуы қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы символдық мәнімен байланысты. Жеті ата, жеті қат көк, жеті қат жер сияқты ұғымдар халық жадында терең орныққан. Сондықтан жеті саны ғұрыптық тағамның атауында да сақталған.

Этнограф-ғалым, тағам антропологиясының маманы Әйгерім Мұсағажинова
Фото: Әйгерім Мұсағажинованың жеке мұрағатынан

Әйгерім Мұсағажинованың айтуынша, шелпек тарату дәстүрі «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген түсінікпен сабақтас.

– Халқымыздың жеті шелпекті жұма күні пісіруі – бұл күнді жеті күннің сұлтаны деп санауынан. Қазақтар жұманы «Азат күн» деп атаған. Бұл күні екі дүниенің есігі ашық тұрады, жеті қат көк пен жердің қақпалары да ашылады деп сенген. Аруақтар тірі туыстарынан дұға мен дәм дәметеді деген түсінік болған. Бұл – марқұмды еске алып, ата-баба аруағына құрмет көрсетудің белгісі, – деп түсіндірді спикер.

Шариғатқа қайшы ма?

Байырғы наным-сенімдерге негізделген ғұрып уақыт өте келе исламдық дәстүрлермен астаса түсті. Құран сүрелерін оқу, марқұмдарға дұға бағыштау және садақа тарату жеті шелпек пісірудің кең тараған амалдарына айналды. Осыған байланысты оның діни тұрғыдан қаншалықты орынды екені де жиі талқыланады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, мұндай амал ислам шариғатына қайшы келмейді.

– Шариғатқа қайшы тұсы жоқ. Себебі исламда жасалған ізгі амалдың сауабын қайтыс болған адамға бағыштауға рұқсат етілген. Ислам дінінде де жеті санының өзіндік орны бар. Мысалы, иманның жеті шарты, Қағбаны жеті рет айналу және тағы басқа. Бұл дәстүрді харам немесе ширк деп бағалау дұрыс емес, – делінген ақпаратта.

Дегенмен жеті шелпек тек марқұмдарды еске алуға арналған тағам болмаған. Этнографиялық экспедиция деректерінде Қазақстанның солтүстік өңірлерінде маңызды істі бастар алдында сәттілік тілеу ниетімен шелпек пісіргені айтылады. Ал кейбір аймақтарда оны көктемгі мерекелердің кезінде дайындап, табиғаттың жаңаруымен байланыстырған.

Мұның өзі дәстүрдің тек діни немесе ғұрыптық мәнмен шектелмейтінін көрсетеді. Шелпек тарату адамдар арасындағы байланысты нығайтудың жолы болған.

– Жеті шелпек – көшпелі өмір салтынан бастау алып, уақыт өте келе діни ұғымдармен де астасқан дәстүр. Бірі оны садақа ретінде таратса, енді бірі ата-баба аруағына бағыштайды. Ал кейбірі әжесінен көрген әдетті жалғастырып жүр. Қалай болғанда да оның түпкі мәні – ас бөлісу және жақсылық жасау, – деп түйіндеді этнограф.

Бұған дейін Димаш Құдайберген шетелдіктердің қазақ мәдениеті мен дәстүріне қызығушылығы артқанын айтқан еді.