«Жеті жарғыда» әйел құқығы жайлы не айтылған

Тәуке ханның «Жеті жарғысындағы» жеті заңның үшеуі әйелдерге қатысты болды. Олар — Отбасы және неке заңы, Құн заңы, Жесір дауы заңы. Тарихшы Айнұр Кадиркулова қазақ даласындағы заңдар туралы тарқатып айтып берді.

қыз
Фото: Bing

ХVІІ ғасырда қазақ хандығын сақтап қалу, ауызбіршілікті арттыру мақсатында Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қабылданды.

Бұл «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолын» жетілдірген, толықтырған заң болды. Kazinform Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Жеті жарғыдағы» әйел құқығы туралы тарихшыдан сұрап білді. 

— Заң неге керек болды? Заң — елдің ішкі бірлігін, ынтымақты сақтауға, сыртқы жаудан қорғануға арналған талап пен норма. «Жеті жарғы» сол кезде барлық қоғамды қамтыды. «Жеті жарғыдағы» жеті заңның ішінде үшеуі әйелге қатысты айтылды. Олар: Отбасы және неке заңы, Құн заңы, Жесір дауы заңы. Отбасы және неке заңына тоқталсам… Қазақ қоғамында моногамдық неке болды. Ол ер мен әйелдің некесі. Жаппай көп әйел алды деп айтуға болмайды. Дегенмен шариғат заңына байланыс төрт әйелге рұқсат бар, бірақ міндеттелмеді. Оны шатастырмауымыз керек. Қазақ қоғамында қамқоршысы — ер адам. Әйелдің қызметі — үй шаруашығы мен бала тәрбиесі. Ер адамға мойынсұну керек. Бұл күйеуінің айтқанын екі етпеу емес, отағасына деген сыйластық. Некедегі негізгі қағидат — жеті атаға дейін қыз алыспау. Бұл әлі күнге дейін бар. Неке құрумен қатар, неке бұзу туралы да айтылған. Егер әйел күйеуіне сенімсіздік танытса, күйеуінің рұқсатымен некесін бұзды. Ал егер әйел опасыздық жасаса, күйеуі бас тартып, бала әке тәрбиесінде қалады. Ер адам әйелінен еш себепсіз ажырасса, бала анасының қамқорлығында болады, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих және дінтану кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Кадиркулова. 

ғалым
Фото: Қ.Жұбанов атындағы АӨУ

Тарихшының айтуынша, «Жеті жарғыда» бәйбіше құқығы ерекше көрсетілген. Мәселен бәйбіше күйеуінің қылмысына айғақ тапса, ақсақалдар рұқсатын алып, төркініне кетіп қалған. Ал тоқалға мұндай артықшылық берілмеді. 

— «Жеті жарғыда» әйелге ерекше құрмет жайлы да жазылған. Егер әйелді біреу ренжітсе, кешірім сұрауға міндетті. Егер әйел кешірім бермесе, зорлық көрсеткенге тең құн төлеуге міндетті болды. Қазақ қоғамындағы әйел рөлін осыдан-ақ көруге болады. Дегенмен ер адамның орны бөлек. Егер әйел күйеуінің ұрлығын біліп, оны жасырып қалса, жазаға тартылмады, — деді Айнұр Кадиркулова.

Әмеңгерлік туралы теріс түсінік айтылғанымен, басты мақсат — балаларды қамқорға алу, ұрпағын сақтау.

Бұл жерде де әйелге таңдау берілді. Әйел әмеңгерліктен бас тарта алды, өз шешімін айтты. Ер адам қаза тапса, туыстары жесір әйел мен балаларына қамқоршы болды. 

Әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шықпаған әйел мал-мүлкіне өзі бас-көз бола алды, бірақ сол әулетте қалып, қамқорлығында болды. Жесір әйелге мұраның сегізден бірі тиесілі еді. 

Мўғулистондан Қозоғистонга ноёб тарихий фотосуратлар
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

— Егер әйелді абайсызда немесе атпен қуып жараласа, баласы шетінеп кетсе, міндетті түр құны төленді. 5 айлық болмаған бала болса, ай сайын 1 жылқыдан, ал 5 айдан асқан болса 9 айға дейін 1 түйе берілді. «Жеті жарғыда» екі ауыр қылмыс бар. Біріншісі — адам өлтіру, екіншісі — әйел зорлау. Әйелді зәбірлеген-зорлаған адам болса, өлім жазасына кесті. Егер туыстары, әйел кешірсе, арнайы төлем қарастырылды. Егер әйел күйеуін өлтірсе, туыстары оны кешірмесе, өлім жазасына кесілді. Егер аяғы ауыр әйел қылмыс жасаса, үкім қолданылмады. Егер күйеуі өз әйелін өлтірсе, құнын төледі. Егер әйел некесіз бала туса, сөйтіп өз ұятынан өлсе, бөлек жерледі. Бала тірі қалды. Егер әйел некесіз туған баласын өзі өлтірсе, әйел де өлім жазасына кесілді. Зинақорларға өлім жазасы кесілді, — деді тарихшы. 

Сонымен бірге әйелдер сотта куәгер бола алмады. Бірақ жаза қолдану кезінде пікірі ескерілді. 

«Жеті жарғыда» ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты да жазылған. Әке баланы жазалай алады. Ал бала әкесіне қол жұмсаса, ел алдында масқаралайды. Қызды анасы тәртіпке салады. 

Мўғулистондан Қозоғистонга ноёб тарихий фотосуратлар
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

— Бұрынғы мен қазіргіні шатастыруға болмайды. Отбасындағы әйелдің рөлі мен қоғамдағы әйелді шатастырмау керек. Отбасында әйел — ана, жар, — деді тарихшы.

Еске сала кетейік, Мұхаметжан Тынышбайұлының қазақ тарихы туралы еңбегі араға 100 жыл салып қазақша жарық көргенін хабарлаған едік.  

Соңғы жаңалықтар