Жетібаймұнайгаз компаниясына жерге мұнай төккені үшін айыппұл салынды

АҚТАУ. KAZINFORM — Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Kazinform агенттігіне берген ресми жауабында айтылды. Құзырлы орган Жаңаөзен қаласы мен Жетібай ауылы аумағындағы мұнай-газ өндірісі орындарында экологиялық заңнамасының сақталуын тексерген.

нефть
Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

Министрліктің мәліметінше, Маңғыстау облыстық экология департаменті 2024-2025 жылдары жердің мұнай өнімдерімен ластану дерегі бойынша «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қатысты 8 тексеру жүргізген. 

Оның қорытындысы бойынша жерді бүлдіру дерегі расталған. 

— Заңбұзушылық үшін жоғарыда аталған кәсіпорынға Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 337-бабы 4-бөлігіне сәйкес 29 536 000 теңге көлемінде айыппұл салынып, ремедиация және қоршаған ортаны қалпына келтіру бағдарламаларын әзірлеу нұсқамалары берілді. Айыппұл толығымен өндірілді және берілген нұсқамалар белгіленген мерзімде орындалды, — делінген хабарламада. 

Экологтар тексеру барысында кемшіліктің басым бөлігі штаттан тыс жағдайлармен байланысты болғанын анықтаған.

Атап айтқанда, мұнай өндіруші ұңғымаларды бұрғылау және салу кезінде болған апаттық жағдайлар, ұзақ уақыт пайдаланылып келе жатқан магистральдық құбырлардың коррозияға ұшырауы.

Дегенмен, департамент қызметкерлері аталған компанияның нұсқамаларды және ремедиация іс-шараларын уақытында орындауын бақылаған. 

Бұған дейін Маңғыстауда мұнай қалдықтарын төккен компанияға 60 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар