Жетекші фин компаниялары ЭКСПО-2017 көрмесінде эко-әзірлемелерін ұсынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыздың 10-11 күндері «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев Финляндияға сапар жасады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Р.Жошыбаев Хельсинкиде Финляндияның ЭКСПО көрмесіне қатысуына жауапты Жұмыспен қамту және экономика, Сыртқы істер министрліктерінің басшыларымен, сонымен бірге елдің іскер топ өкілдерімен кездесті. Кездесу өзегі Финляндияның елордада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысуы болды.

«ЭКСПО-2017» комиссары Финляндияның экономика министрімен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде «жасыл» технология саласындағы байланыстардың кеңеюіне бүкіл әлемге танымал көрменің септігі мол екендігін атап өтті. Қазақстан бұл елдің балама энергия саласындағы көшбасшылық рөлін ескере отырып, фин компанияларының ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысатындығына үміт артады.

Өз кезегінде О.Рэн бірқатар фин компаниясының көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбына зор қызығушылық танытып, Астанада өз әзірлемелерін көрсетуге дайын екендігін баса айтты.

Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Матти Анттонненмен келіссөздер барысында қазақстан-фин қарым-қатынасының жай-күйі мен оны дамыту келешегі талқыланды.

Р.Жошыбаев фин тарабынан Қазақстанның 2017-2018 жылдары кезеңінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне және еліміздің ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер процесіне қолдау білдіргені үшін алғысын айтты.

Екі ел ынтымақтастығының мүмкіншіліктері «Астана ЭКСПО-2017» тақырыбындағы бизнес конференциясы аясында өз жалғасып тапты. Бұл шараны «жасыл» және «таза» технологиялар саласында жұмыс істейтін «Clean Tech Finland» фин компаниялары қауымдастығы мен «ФиннЭйр» әуе компаниясы ұйымдастырды.

«ФиннЭйр» әуекомпаниясы басшылығымен өткен кездесу барысында туристік және іскерлік сапарларды арттыру, 2017 жылы екі елдің елордалары арасында тікелей әуе рейстерін ашу барысында финдік туристік операторлармен ынтымақтастықты жолға қою мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар