Жеті баласынан көз жазып қалған ана отбасымен 22 жылдан кейін қауышты
Концертке «Бармысың, бауырым?!», «Ақ отау», «Жан жылуы» радиобағдарламаларының кейіпкері болған әртүрлі тағдыр иелері қатысты. Олардың бірі «Жан жылуы» бағдарламасының арқасында 14 жылдан кейін жарық әлемді көрген қызылордалық Дүрдана Хабиболла еді.
Өмір бойы анасының бейнесін көруді армандаған Дүрдана өткен жылдың маусым айында «Жан жылуы» радиобағдарламасына қатысқан. Бағдарлама тыңдармандарды да бей-жай қалдырмады. Дүрдананың еміне деп радиотыңдармандар бір тәулікте 500 мың теңге жинап берсе, аты-жөнін жарияламаған азамат оның есепшотына миллион теңге аударған. Осылайша, бір аптада емге қажетті 2 миллион теңге жиналып, Дүрдана ота жасату үшін Мәскеуге аттанған. Нәтижесінде Дүрдананың жанары жарық дүниені көре бастады.
Қазақ радиослары ұйымдастырған концертке Дүрдана арнайы келген екен. Ол келіп қана қойған жоқ, әнші Гүлнұр Оразымбетовамен «Қазақстан» концерт залының сахнасында ән шырқады. Гүлнұр Оразымбетова Дүрданаға сәттілік тілеп, болашақта оның барлық сахналық көйлектерін өзі әперетінін де жеткізді.
«Жан жылуы» тыңдармандарының көмегін көрген науқастың бірі - жұлын қатерлі ісігімен ауырған Мәлика еді. Оның отасына қажетті ақшаны радиотыңдармандар екі аптада жинап берген. Кейін Израильде ота сәтті жасалып, өжет қыз қатерлі ісікті жеңді. Концертке келген Мәликаның анасы Зәуреш барлық радиотыңдармандарға алғысын білдірді.
Қызылордалық Назерке Қадірова да «Жан жылуы» бағдарламасының алғашқы кейіпкерлерінің бірі болды. Назерке күйеуімен, 7 баласымен және мүгедек ағасымен 1 бөлмелі пәтерді паналап келген. Оның төрт науқас баласы да дәрігерлер қарауында. Радиобағдарлама арқылы Назеркенің жай-күйін естіген қызылордалық кәсіпкер, құрылыс компаниясының басшысы Темірхан Әлімқұлов көпбалалы жанұяға үш бөлмелі пәтерді сыйға тартқан.
Жүргізуші Ақбаян Сапарбаеваның айтуынша, «Жан жылуы» бағдарламасы осы күнге дейін өз кейіпкерлеріне 33 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен. Көмек көрсетушілердің дені - қарапайым азаматтар, зейнеткер ата-әжелер.
Қазақ радиоларының тағы бір әлеуметтік жобасы - «Бармысың, бауырым» радиобағдарламасы. Оның жүргізушісі Қымбат Досжан жылына 4 жарым мың адамның жоғалатынын, оның 20 пайызының із-түзсіз кететінін айтады. Ал «Бармысың бауырым» радиобағдарламасы арқылы 353 адамға іздеу салынып, 32-сі табылған екен.
Айта кетерлігі концертке арнайы келген Алматы облысы, Суықсай ауылының тұрғыны Раиса Лесковскаяның тағдыры да көрермендердің көңілін толқытты. Раиса Николаевна - осыдан 22 жыл бұрын 7 ұл-қызынан көз жазып қалған Қырғызстан азаматшасы. 90-жылдары ауыр тұрмыстан қажыған ана Қазақстандағы өмірді көріп келейін деп шекарадан өткен және құжаттарын жоғалтып, біржолата Қазақстанда қалып қойған.
Осылайша, ақ жаулықты ана «Мың алғыс» қайырымдылық концертінің сахнасында өз ұлы Анатолиймен 22 жылдан кейін қауышты. Сондай-ақ, концерт барысында Қазақстандағы Қырғызстан елшілігінің Консулы Алмазбек Куанышбекұлы Раиса Николаевнаға жеке куәлігін растайтын құжатты салтанатты түрде табыс етті.
Қазақ радиосының «Ақ отау» радиобағдарламасының кейіпкерлері болған Марғұлан мен Гүлжазира да бүгінгі «Мың алғыс» концертінің құрметті қонақтары атанды. Бір жыл бұрын Гүлжазираның омыртқасы сынып, алты ай бойы аурухана төсегіне таңылған. Әйтсе де, жас отбасы барлық қиындықтарды еңсеріп, барша Қазақстанға үлгі болған.
Бағдарлама жүргізушісі Нәзира Бердалының айтуынша, Қазақстанда жылына 50 мың шаңырақ шайқалады. Бір жылда 700 мың жұп отбасын құрса, оның 300 мыңы ажырасып үлгереді. «Ақ отау» отбасылық радиобағдарламасы бұл көрсеткішті азайтуға септігін тигізіп келеді.
Сондай-ақ, «Мың алғыс» қайырымдылық концертіне бір күнде 11 баланы асырап алған Ақмола облысы Қошқарбай ауылының тұрғындары келді. Жұмыссыз жастар қалаға ағылғанда, жергілікті билік ауыл мектебін жабуды ұйғарған. Ауылының көз алдында күйрегенін қаламаған Қайыркен есімді белсенді азамат ауылдастарын ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды асырап алуға үгіттеген. Осылайша бір ауыл тұрғындары мектепті сақтап қалу үшін жетім балаларды бауырына басты. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды өз қамқорлығына алған Қошқарбай ауылының бұл ісі көпшілікке үлгі болды.
«МЫҢ АЛҒЫС!» қайырымдылық кешінде көмек жәшіктері қойылды. Оған жиналған қаражат туабітті суқараңғылық диагнозы қойылған 1 жасар Арманның еміне жұмсалмақ. Арманның бір көзіне ота жасау үшін екі миллион теңгеге жуық қаражат керек екен. Тағы бір атап өтерлігі, залда отырған кәсіпкер Болатбек Жоланұлы Арманның және ата-анасының Санкт-Петербургке барып келу жолақысын өз мойнына алды.
Концертке сатылған билеттер зағип сәби - Арманның көзіне жасалатын ота үшін жұмсалады. Билеттер ғана емес, жомарт жандар да өз көмегін көрсетіп жатыр. Мәселен, белгілі дінтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлы мен Шымкенттегі "Ернияз" компаниясының бас директоры Ербол Дайраш 2 млн теңгені бала еміне аударды. Осылайша, көпшіліктен жиналған қаражат сәбиінің көзіне ота жасатсақ деген ата-анаға үлкен үміт сыйлап отыр.
Айта кетейік, Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні - 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялаған еді. Бұл күн - тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу және қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні болмақ.