«Жетіген-Қорғас» теміржол желісі стансаларында «Қазақстан темір жолы» компаниясының жұмысшылары жаңа үй мен пәтер кілттеріне ие болды

Қоныс тойын тойлаушыларға 565 тұрмысқа жайлы тұрғын үй дайын, олардың 403-і теміржолшыларға, ал 162-сі мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Жетіген, Шелек, Тасқарасу мен Нұркент және өзге де елді мекендерде бүгін қоныс тойы.
Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған және ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген «Жетіген-Қорғас» жаңа темір жол желісінде қызмет етіп жатқан азаматтар жанға жайлы үйлерге отбасыларымен бірге көшіп жатыр.
Жетіген стансасында екіпәтерлі 6 тұрғын үй, Шелекте 23 екіпәтерлі тұрғын үй, ал Тасқарасуда 11 екіпәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа жолдың ең ірі әлеуметтік нысаны - Нұркент қалашығы. Мұнда 387 пәтерден құралған үшқабатты 28 тұрғын үй және 40 екіпәтерлі тұрғын үй салынып бітті.
Бұдан бөлек Нұркентте 600 оқушыға арналған мектеп, 240 орындық бала-бақша, 100 адамды бір уақытта қабылдай алатын отбасылық-дәрігерлік амбулатория, тұрмыс қажетін өтейтін комбинат, асхана, монша, өрт депосы және басқа да әлеуметтік нысандар ашылады.
Тасқарасу стансасында 1 қыркүйекте медициналық пункт пен 120 оқушыға арналған жаңа мектеп есігін айқара ашпақ.
ҚХР-ға шекаралас Алтынкөл стансасында да әлеуметтік нысандар бой көтерген. Қазіргі заманғы вокзал, мемлекеттік қызметкерлерге әкімшілік ғимарат, қызметтік-тұрмыстық корпус, асхана, мәдени-спорттық кешендері бар қонақүй типіндегі үй салынған.
Осылайша Жетіген-Қорғас темір жол желісі тәуелсіздік жылдарында салынған ең ірі өндірістік нысан болып қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар ірі кешенге айналды. Мұндағы өмір сүру деңгейі ірі мегаполистегі тұрмыс дәрежесінен артық болмаса, кем түспейді.
«Темір жолдың басты байлығы - адам», - деп атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Асхат Акчурин. - Компания жасап отырған әлеуметтік көмек пен қолдаудың арқасында Жетіген-Қорғас жолының ұжымы саланың негізгі тіреуші күшіне айналып, «Қазақстан темір жолы» бұл телімді сіздерге сеніп тапсыра алады.
Жетіген-Қорғас темір жол желісінің ашылуы 2011 жылдың 9 желтоқсанында Елбасының қатысуымен өткен «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты жалпыхалықтық телекөпір барысында ашылған болатын. Жол құрылысына Қазақстан Президенті 2009 жылы 3 тамызда рұқсат берген еді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші темір жол өткелінде 2 055 теміржолшы қызмет етеді.