Жетімін жылатпаған жұрт едік...

АНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Қазіргі жаһандану заманда өркениеттің биік шыңына шыққан деп саналатын прогрессивті қоғамның рухани тұрғыдан регрессивті тоқырауының белгісін танытатын «әлеуметтік жетімдік» ұғымы -
None
None

дала дәстүріне сай қалыптасқан қазақ қоғамының рухани дүниетанымдық көзқарасына бір замандарда қайшы әрі жат болған тосын түсінік еді. Ата - ана қамқорлығынсыз қалған қандасын, кіндіктесін жатырқатпай жақын тартқан, болмысынан бауырмал қазақ қоғамында «тұл жетім» түсінігі болған, десек те жетімін жылатпайтын жұрт тұл жетімді де тағдыр тығырығында тентіретіп жібермеуге тырысып баққан. Көшпелі өркениеттің көне салты саналатын «әмеңгерлік» те сол көреген көзқараспен сабақтас жатса керек. Туыстық дүнетанымы терең қазақ қоғамында бала ата-анасыз қалса да, ағайыннан ажырамаған, қоғам қарауында қалған.

Ал бүгінгі өркениетті қоғамның өзекті дертіне айналып отырған "әлеуметтік жетімдік" дала дәстүрінен әсте алшақ, қайшы мәселе еді. Қазіргі қазақ қоғамындағы 38 386 жетім бала бар екен және ата қамқорлығынсыз қалған балалардың 80 пайызы әлеуметтік жетімдер санатына жатады. Әрине бұндай кері бетбұрысты бәсекелі заманның салдарына теліп, «заманына қарай адамы» деген желеумен жауапкершілік жүзін жасыра салуға болады, десек те заман келбетін жасайтын адамның өзі. Адам - өз тағдырына қатысты кесім айтатын замана сөзі, адам - өз болашағын бағдарлайтын замана көзі, адам - заманның өзі, яғни әлеумет болмаса, «әлеуметтік жетімдік» сынды әлеуметтік мәселенің туындамайтындығы да түсінікті. Сондықтан да күн өткен сайын күрделене, күрделенген сайын күрмеле түскен бұл мәселенің алдын алу мен түйінін тарқатар шешімін табу жөніндегі жапакершілік ең алдымен сол әлеуметтің өзіне жүктелмек.

Қазақ елі қашан да бала болашағын ел болашағы деп білген. Сондықтан да баланың қоғамдық өмірдегі бірінші қадамын ұлт тағдырының тізгінін ұстаған ұрпақтың келешектегі қарышты қанат қағысына бастайтын жолға балаған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бала құқықтарын қорғау мен қоғамдық өмірге толқыққанды ықпалдасу жағдайларын жасау мақсатында бірқатар іргелі істер атқарылды. Мәселен, балалар құқықтары жөніндегі БҰҰ Комитетінің 33-сесиясының ұсынымдарына сәйкес, балалардың жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған ҚР Үкіметінің «2007-2011 жылдарға арналған Қазақстан балалары» бағдарламасы шеңберіндегі әлеуметтік жетімдіктің алдын алу стратегиясы негізінде қомақты шаралар кешенін жүзеге асырды.

ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалар құқықтарын қорғау комитеті мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп бұл бағытта бірқатар бірлескен шараларды қолға алды. Нәтижесінде жетімдікке әкеп соғатын жағдайлардың алдын алу арқылы балалар үйіндегі қараусыз қалған бала санын азайтуға баса мән берілуде. Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, отбасын нығайту, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысу, әлеуметтік жетімдік жөнінде қоғамды ақпараттандыру, «Қуан сәби», «Ризашылық» қайырымдылық акциялары сынды жағымды нәтижелерімен айшықталған маңызды істер жасалып жатыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 2006 жылы 51294, 2009 жылы 42494 болған. 2010 жылдың қорытындыларына сәйкес бұл көрсеткіш 38 386-ға дейін айтарлықтай төмендеген. Бұл, әрине, қолға алынған шаралардың жағымды нәтижелерін, әрі мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың қомақтылығын айғақтайды. Дегенмен әлеуметтік жетімдік мәселесі өзектілігін, өкінішке қарай, әлі де жойған жоқ.

Томск мемлекеттік университетінің ғалымдары әлеуметтік жетімдер санатына жататын балалар арасында психологиялық сынақ жүргізген. Оның нәтижесі бұл санаттағы балалардың көпшілігінің қоғамдық өмірдегі «тұлғаның сәттілігі» жайындағы көзқарасы қалыптаспаған күйде қалып қоятындығын көрсеткен. «Жетістікке жеткен адам, сәтті өмір, жетістікке жетуге не көмектеседі» деген мағынадағы ашық сұрақтарға зерттеуге қатысқан баланың 70 пайызға жуығы «білмеймін» деген жауап қайтарған. Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан әлеуметтік жетімдер санатындағы балаларға «сәттілік» ұғымын саналы түрде түсінудің қиынға соғатындығы, соның саладарынан қоғамдық өмір жолымен жүру барысында батыл қадамдардан қашқақтайтын психологиялық сенімсіздіктің туындауы ең алдымен баланың өзін-өзі ешкімге керексіздер қатарына қосу сезімімен сипатталатын «әлеуметтік жалғыздық» факторына байланысты болады екен. Әлеуметтік жетімдік осылайша баланың тұлға ретінде толысуын, азамат ретінде айқындалуын, өз күші мен қабілетіне сенімді азамат ретінде кемелдену кезеңін тежейді, қалыптаспаған санаға психологиялық тұрғыдан жағымсыз әсер етеді. Бұл - жеке тұлға үшін ғана емес, тұтас бір қоғам үшін де қауіпті құбылыс. Сонымен қатар қазіргі таңда әлеуметтік жетімдік мәселесінің ушығуына түрткі болатын ажырасулар мен ресми некеге тұрмаған адамдар санының, толымсыз отбасылар мен некесіз туған балалар санының артуы сынды өзге де әлеуметтік мәселелер де кері әсерін тигізбей қоймайды.

Сондықтан да әлеуметтік жетімдік мәселесінің алдын алып, өркениетті елдің бүгінгі жастарынан болашақта өнегелі өскелең ұрпақ қалыптастырумыз керек. Ол үшін ең алдымен қоғамдық сана түзеліп, рухани тәрбие тереңдей түсуі қажет. Жекелеген әрбір тұлға адамдық борышын сезінуге әрі оны бұлжытпай орындауға міндетті болуы тиіс, әрбір саналы азамат ұрпақ болашағы алдындағы жауапкершілігін сезінуі шарт. Себебі "ұрпақ болашағы ұлт болашағы" деген ұлы ұғыммен ұштасып жатыр. Сондықтанда табиғи болмысынан әлеуметтік жетімдікті жат көріп, бағзы замандарда оны мүлдем болдырмаған ата-баба өнегесінен ғибрат алуымыз қажет. Дала дәстүрінің таза тамшысы, бабалар көрегендігінің кәусар тәлімі - жаны қазақ, қаны қазақ әрбір арлы азаматқа, текті тұлғаға тәрбиелі аманат болуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар