Жетінші қабаттан құлағалы тұрған баланы құтқарған жасөспірімге төсбелгі тағылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Терезеден құлағалы тұрған баланы құтқарған елордалық Есдәулет Дәуітбеков «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінде министр Юрий Ильин ерлігімен көзге түскен Дәуітбеков Есдәулет Есболатұлын «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен және естелік сыйлықпен марапаттады. Кездесуге батырдың анасы Әсемгүл Қабдықалықова да қатысты», - делінген ресми хабарламада.

Юрий Ильин бүгінгінің батырына алғыс білдіріп, болашақта ТЖМ азаматтық қорғау органдарының қатарынан осындай ер жігіттерді көргісі келетінін айтты. Сонымен қатар, анасына нағыз батырды тәрбиелегені үшін алғыс білдірді.

Еске салсақ, оқиға 13 шілдеде Нұр-Сұлтандағы «Шерқала» тұрғын үй кешенінде болған. 17 жастағы бозбала құтқару бөлімшелері келгенге дейін көрші үйдің терезесінен өтіп, 7-қабаттан құлағалы тұрған баланы құтқарған еді.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов елордалық мектеп түлегі Есдәулет Дәуітбековке білім грантын табыстады.

Сондай-ақ, елордалық меценат 3 бөлмелі пәтер сыйлады.

Осы орайда, төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға ескертеді:

«Құрметті ата-аналар, бұл – бала аман-есен құтқарылған аз ғана мысалдардың бірі. Бірақ, өкіншке қарай, қайғылы аяқталатын оқиғалар көп кездеседі. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз! Егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз, өйткені баланың құлауына санаулы ғана секундтар жеткілікті. Бұл бала өліміне әкеп соғуы әбден мүмкін».


Соңғы жаңалықтар
telegram