Жетісайлық полицей кейуананы өрттен құтқарды
Оқиға Қазығұрт ауданында болған. Шымкенттен келе жатқан тәртіп сақшысы дүкеннен су алмақ болып аялдапты.
Сол сәтте кішкене қыз үйінде өрт шыққанын айтып, анасын құтқаруға көмек сұраған.
Бірден оқиға орнынан барған Аян Хайруллаев кейуананы үйден алып шықпақ болады.
Дегенмен, жалын шарпыған қураған шөп үйге кіруге мұрша бермейді. Жан-жағында су да жоқ.
Содан қасындағы серігімен бірге топырақ шашып жолдағы өртті сөндірген. Апаны да қауіпсіз жерге алып шыққан.
«Ойланып тұруға уақыт болмады. Қызмет барысында оқып-үйренген өрт қауіпсіздігі туралы ереженің пайдасы көп тиді. Біз үшін тұрғындардың амандығы әрі тыныштығынан асқан бақыт жоқ»,-дейді Жетісай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Аян Хайруллаев.