Жетісу облысы тауларындағы өртті сөндіру үшінші күнге созылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысының тауларындағы, атап айтқанда «Достық» станциясы маңында дала өртін сөндіруге 232 адам мен 2 тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 10 қыркүйек күні таңертең өрт ошақтарын анықтау үшін МИ-171 тікұшағымен комиссиялық бақылау жүргізілді. Аумақтың орман алқабында 125 га болатын үш бықсу ошағы анықталды.

«Сағат 10:30-да тікұшақтармен екі рет су төгілді – 6 тонна су. Жалпы, үш күн ішінде 22 рет су төгілді (66 тонна су). Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр», - деп хабарлады ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Өртті сөндіруге барлығы 232 адам, 2 тікұшақ, 26 техника, 60 аспалы бүріккіш және 11 жылқы жұмылдырылды.

Қазгидрометтің хабарлауынша, 10 қыркүйекте Жетісу облысының таулы және тау бөктері аумақтарында найзағай болжанады.

Бұған дейін Жетісу облысында тауда тұтанған өрт Қытай шекарасына жеткен. Қызыл жалын көрші мемлекеттің күшімен сөндірілді.

8 қыркүйек күні сағат 4:30-да облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Алакөл ауданында «Достық» станциясы маңындағы «Кендір сақал» орман шаруашылығы аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өртті сөндіруге орман шаруашылығының, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары және ҚР ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметкерлері тартылды.

Соңғы жаңалықтар