Жетісу облысында 500 жуық шет ел азаматы жазаланды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 500 жуық шетелдік азамат жазаланды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысында 500 жуық шет ел азаматы жазаланды

Жыл басынан бері өңірде көші-қон заңнамасы бойынша 2151 адам жауапкершілікке тартылған. Заң бұзушылардың жалпы санынан 463 шетелдік және 1688 қазақстандық азаматтар.
«Биыл біздің деректер бойынша облыс аумағына 4213 шетелдік азамат келген. Олар көші-қон қызметі бөлімшелерінде тіркелді. Оның ішінде алыс шетелдердің тұрғындары – 318, ТМД елдерінен – 3895. Негізінен аймаққа Өзбекстан азаматтары келген. Олардың саны 3354 адам.Сондай-ақ Ресей азаматтары – 375. Сонымен қатар, 248 шетелдік, негізінен ҚХР азаматтары визаларын заңды түрде ұзартып, тіркеу және хабарлама арқылы облыс аумағында тіркелді», - деді облыстық көші-қон полициясының басшысы Ерлан Райымбеков.Көші-қон қызметінің басшысы БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде полиция қызметкерлерінің «Мигрант» және «Нелегал» профилактикалық іс-шараларының қорытындысын да жария етті.
«Көші-қон желісі бойынша заң бұзушылықтар негізінен нысаналы түрде өткізілетін профилактикалық іс-шаралар барысында анықталады. Шетелдік жұмыс күші жиі пайдаланылатын базарларға, құрылыстарға және басқа да нысандарға аса назар аударылады. Шетелдік азаматтардың уақытша тұрғылықты жері, тіркелгені, келу мақсаты және т.б. тексеріледі. Яғни, олардың облысқа турист немесе еңбек мигранттары ретінде немесе басқа да себептермен келгені де мұқият тексеріледі. Отандастар арасында да көші-қон заңнамасын бұзу фактілері анықталды», - деп толықтырды полицейлер.