Жетісу облысында екі ауылды алып кеткен сел тоқтады, көшірілген 19 адам мектепті паналап отыр
Қазіргі уақытта Ескелді ауданының Абай және Ешкіөлмес ауылдарында инженерлік және аулалардан су сору жұмысы жалғасып жатыр.
Мамандар тасыған суды Абай және Ешкіөлмес ауылдарының суару каналының арнасына қайта бағыттап жатыр.
Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Облыстық ТЖД дағдарыс орталығында психологиялық көмек көрсету үшін жедел штаб пен жедел желі телефоны ашылды (8 (7282)-22-02-13 және 22-02-18).
Жедел штабтың шешімімен 7 топ құрылды, олар су басқан аулалар мен үйлерді тексеруде. Сел тоқтады.
Жұмыс басталғалы бері 1,5 мың дана қап дайындалды, олар қажетіне қарай төселеді.
Қазіргі уақытта 3456 текше метр су сорылған.
Қарабұлақ ауылындағы Шестаков атындағы орта мектеп ғимаратында жергілікті атқарушы органдар эвакуация пунктін ұйымдастырды.
Алдын ала 30 адам, оның ішінде 15 бала эвакуацияланды. Қазіргі уақытта эвакуация пунктінде 19 адам қалды, оның ішінде 9 бала, қалғандары туыстарының үйіне кетті.
Эвакуацияланғандарға медициналық көмек қажет емес.
Авариялық-қалпына келтіру жұмысына жергілікті атқарушы органдар, облыстың ТЖД, Қазселденқорғау күштері мен құралдары, ТЖМ, Қорғаныс министрлігінің және ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жұмылдырылды.
Сағат 13:54-те Көксу ауданының Мәмбет ауылы Мәмбет көшесінің бойында сел жүріп, салдарынан 5 аула су астында қалды деген тағы бір хабар келіп түсті.
Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды, су деңгейі төмендеді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Жетісу облысының ТЖ департаменті 12 тамыз күні түстен кейін облыс аумағында қатты жауын-шашын болатынын ескерткен еді.
Жетісу облысының Ескелді ауданында қатты жауын салдарынан 50 тұрғын эвакуацияланғанын хабарлаған болатынбыз. Көшірілген тұрғындар мектепке орналастырылды.