Жетісу төрінде «Мың бала» жобасы басталды

Қазақ тіліне, қазақ халқының қоғамдық-мәдени ортасына бой үйретуге бағытталған игі бастама өзге ұлт өкілдерінің балаларын бір шаңырақ астына жинады.
"Мың бала жобасы аясында Қазақстан бойынша көптеген достар таптым. Қазіргі таңда сол достармен қарым-қатынастамын. Және де қазақ тілінің қандай деңгейге көтеріліп жатқанын, қандай деңгейде дамып жатқанын байқадым" дейді 2016 жылғы байқау жеңімпазы Ирсен Ким.
Жоба мемлекеттік тілді меңгерген оқушылар мен мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілер қатарын көбейтті.
"Шартты түрде мың бала деп аталғанымен оған қамтылып жатқан балалар саны әлдеқайда көп. Тек өткен жылдың өзінде ғана біздегі деректер бойынша мыңнан астам бала әр этнос өкілдері қазақ тілін оқып үйренді" дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай.
Халықаралық ана тілі күні аясында оқушылар сарайында «Мәңгілік ел» орталығының тұсауы кесілді. Бұл жерде қазақ елінің арғы-бергі тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі дәріптеліп, жастарды бірегейлік пен біртұтастыққа тәрбиелейді.