«Жетісу жастары» баспана бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бағдарламаға қатысу үшін Талдықорған қаласының жасы 35-тен аспаған тұрғындары 10 және 28 шілде аралығында Талдықорған қаласы, Болашақ шағынауданы, 13 үй мекенжайында өтінім қалдыра алады.
None

Биыл Жетісу облысы әкімдігі мен «Отбасы банк» арасында 2023-2025 жылдарға арналған «Жетісу жастары» бағдарламасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

Бағдарламаға 400 млн теңге қаражат бөлінді.
​​Жобамен биыл 40 жасты баспанамен қамту жоспарланған.

Жоба Талдықорған қаласында тұрғылықты тұратын жастарға баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен ипотека алуға мүмкіндік береді.

Былтырғы бағдарламаның шарттарына сәйкес жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар рәсімдей алатын болса, биыл өзгерістер енгізіліп, жалпы жасы 35-ке толмаған Талдықорған қаласында жұмыс істейтін, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган беретін жалдамалы тұрғын үй алуға есепте тұрған жастар қатыса алады.

Бағдарламаға қатысушылардың Талдықорған қаласында ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде соңғы 12 айдан кем болмауы тиіс.

Табысы да ескерілетін болады. Отбасының әрбір мүшесі үшін ол 3,1 МП (125 758)аспауға тиіс.

Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.

Сонымен қатар қарыз сомасы 10 000 000 теңгеден аспауы тиіс, ал бастапқы жарна - бастапқы тұрғын үй үшін 0%, қайта сату нарығы - кепілдік қамтамасыз ету жеткілікті болған жағдайда 10 %.

Тұрғын үй құны 10 млн. теңгеден асқан жағдайда айырманы салымшы өз қаражаты есебінен төлейді.

Айта кететіні, биыл бағдарламаның екінші легі жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес 50 жасты баспанамен қамту мақсатында 500 млн теңге бөлінбек.


Соңғы жаңалықтар