Жетісай ауданында су тапшылығы жоқ — министрлік

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысы Жетісай ауданындағы шаруалар жаздың басынан бері суармалы су алмағаны жөніндегі ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.

суармалы су
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, биылғы вегетациялық кезең басталғалы бері Жетісай ауданының диқандарына 236,1 млн текше метр су жеткізілген. Қазіргі уақытта аудан аумағындағы егіс алқаптарына секундына 32 текше метр су беріліп, суару жұмыстары кезекпен жүргізілуде.

Министрлік «Достық» магистральдық каналы арқылы шілде айының алғашқы күндерінде Қазақстанға секундына 80 текше метр су келеді деп жоспарланғанын, алайда нақты көрсеткіш 50 текше метр көлемінде болғанын атап өтті. Бұл жағдай Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы тұрақсыз су шаруашылығы жағдайымен байланысты.

- «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының қарамағындағы «Достық» каналы Жетісай ауданындағы 84,3 мың гектар суармалы жерді қамтиды. Су тек шарт жасасқан шаруашылықтарға беріледі.

2024 жылғы көктемнен бері еліміздің оңтүстігіндегі бес облыстың шаруаларына 5,35 млрд текше метрден астам суармалы су жеткізілді. Оның ішінде Түркістан облысына — 1,79 млрд текше метр, - делінген ақпаратта.

Деректе биылғы суару кезеңі 20 күнге ерте басталғаны жазылған. Жоғары ауа температурасының әсерінен вегетациялық кезең ерте жылжып, нәтижесінде Жетісай ауданында 50 мың гектар алқапта сор шаю жұмыстары жүргізіліп, оған 125,7 млн текше метр су жұмсалды.

Суармалы судың ерте берілуінің арқасында Түркістан облысының шаруалары:

  • сәуірдің ортасында – қырыққабаттың,

  • мамыр айының соңында – қауын мен қарбыздың,

  • маусым айында – баялды (баклажан) өнімінің алғашқы легін жинап үлгерді.

Министрлік қазіргі су беру жұмыстары жоспарлы әрі тұрақты түрде жүріп жатқанын, тапшылық туралы жалған ақпараттар ел ішіндегі жағдайды бұрмалап көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

Айта кетейік, Жетісай ауданында суару суын пайдалану ережесін бұзған 65 дерек анықталды.

Соңғы жаңалықтар