Жетісайда қауын пісті
ЖЕТІСАЙ. KAZINFORM – Жетісайлық шаруалар ерте піскен қауындарын шетелге жөнелтіп, экспортты бастап кетті.

Әл-Фараби Күзенбаев басқаратын «Әл-Фараби» шаруа қожалығы алғашқы 100 тонна өнімін Ресей Федерациясына экспорттап жатыр. Диқан 50 гектар жерге «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сортты қауындар ексе, қосымша 250 гектар алқапқа мақта шитін сепкен. Қауын көшеттері ауа райының ерекшеліктеріне байланысты жоспарланған 65 күннен сәл ұзағырақ – 70 күнде пісіп жетілді.

– Биыл қауынымыз да пісті. Ресей нарығынан сұраныс жоғары. Қауынның келісін егістік басынан 400 теңгеден өткізіп жатырмыз. Ешқандай делдалсыз, өзіміз тиеп жіберіп жатырмыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы.

Шаруашылық бүгінде 30-ға жуық жергілікті тұрғынды маусымдық жұмысқа тартқан. Оларға күн сайын 8-12 мың теңге аралығында жалақы төленеді. Жалпы диқан гектарынан 400 центнер өнім алуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Жетісай ауданы бойынша ауыл шаруашылығы жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 43 мың гектарына мақта,16,7 мың гектарына бақша, 7,5 мың гектарына дәндік жүгері, 3,6 мың гектарына көкөніс, 6,7 мың гектарына мал азықтық дақылдар егілген. Қазір аудан диқандары 36 мың тонна көкөніс өнімін жинап үлгерді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында полигондарының 70 пайызы санитарлық-экологиялық талаптарға сай емес екендігін жазған болатынбыз.