Жетісайдағы өрттен зардап шеккен науқас Шымкентке жеткізілді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Төтенше жағдай министрлігіне қарасты «Казавиақұтқару» авиациялық қызметінің борт нөмірі EC 145 тікұшақ экипажы Түркістан облысының Жетісай ауданынан санитарлық рейс орындап, өрттен зардап шеккен 1986 жылғы ер адамды Шымкентке жеткізді.

Жетісайдағы өрттен зардап шеккен науқас Шымкентке жеткізілді
Фото: видеодан алынған скрин

– Түркістан облыстық ауруханасы Шымкент қаласында орналасқан, ал Жетісай ауданында шұғыл көмек көрсету үшін қажетті арнайы жабдық жеткіліксіз болғандықтан тасымалдау қажет болды. Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, зардап шеккен адамды Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізді, – делінген облыстық төтенше жағдай департаменті таратқан хабарламада.

Тікұшақ жерге қонған соң ер адам арнайы медициналық мамандардың бақылауына тапсырылды.

Кеше таң ата Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған.

Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. 

Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды. 

Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау жасалды. 

Өрттен кейін медициналық мекемеге жеткізілген үш адамның біреуі есін жиды. 

Вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттің себебін тергеп-тексеру бойынша құрылған Үкіметтік комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді. 

Түркістан облысында 12 адамның өмірін қиған өрттің алдын ала себебі айтылды. 

Соңғы жаңалықтар