Жетісу облысына 397 млрд теңге инвестиция тартылып, 108,5 мың жұмыс орны ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өңір әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берді.
Әкімнің айтуынша, жыл соңында облыстың жалпы өңірлік өнімі 2,7 трлн теңгені құрайды. 2023–2024 жылдары негізгі капиталға 894 млрд теңге инвестиция тартылған, оның ішінде 71,3 пайызы – жеке инвестициялар.
Биылғы 10 айдың қорытындысында барлық салаларда өсім бар. Жыл басынан бері облыс экономикасына 397 млрд теңге инвестиция салынып, өсім 17,5 пайызды құрады. 2023–2025 жылдары өңірде 108,5 мың жұмыс орны ашылып, 70 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға дейін төмендеді (2023 ж. – 4,9%).
Орташа жалақы 331 мың теңгеге жетіп, 18 пайызға өсті, ал жан басына шаққандағы табыс 172 мың теңгені құрады (өсім – 19%). 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік өнім көлемі 2,2 трлн теңгеге жетіп, 14,8 пайызға ұлғайды.
Ауыл шаруашылығы
Брифинг барысында облыс әкімі өңірдің негізгі саласы – аграрлық сектор деп атап өтті. Былтыр ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3 пайызға, биыл 5 пайызға артады деп күтілуде. Жыл басынан бері салаға 25 млрд теңге инвестиция салынған.2025–2027 жылдары агроөнеркәсіп кешенінде құны 94,4 млрд теңге болатын 23 жоба іске асырылады.
Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бағытында 37,7 млрд теңгеге 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы 5 нысан аяқталып, 4,8 мың гектар суармалы алқап айналымға енгізілді. Келесі жылдың соңына дейін тағы 3,2 мың гектар жаңа суармалы алқап қосылып, 23,2 мың гектарға суармалы жер қалпына келтіріледі. 2022–2025 жылдары облыста 1,3 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. Оның 603 мың гектары мемлекетке қайтарылған.
– 1,3 млн гектардың 712 мың га жерінде мал бар, егін егілген болғандықтан бұрынғы қожайындарында қалды. Ал 603 мың гектарда не мал болмаған, не егін егілмегендіктен бір мақсатқа пайдаланбағандықтан заңның күшіменен кері өкіметке қайтардық. Оның ішінде 431 мың гектар жерін конкурс арқылы қайтадан айналымға енгіздік. Ал қалған 172 мың га жерді Президенттің тапсырмасына сәйкес келесі жылдың жазына дейін бітіреміз, оның жартысы жайылымдық жерге беріледі, – деді ол.
Сонымен қатар ол өз сөзінде жайылым тапшылығы туралы да атап өтті.
– Біздің алдын ала есептеріміз бойынша өңірде жайылым тапшылығы 200 мың гектарға дейін жетіп отыр. Мал басының 2,6 млн-нан асуына байланысты бұл мәселені шешу мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлерге мониторинг жалғасуда. Қазірдің өзінде 250 мың гектар жер бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Жайылымдық жердің мәселесін осылай шешеміз. Басқа амалымыз жоқ, – деді Бейбіт Исабаев.
Қайта өңдеу саласы
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесі 49 пайыздан 68 пайызға өсті. Ақсу қант зауыты толық модернизациядан өтті, сондай-ақ майлы дақылдар мен крахмал-сірне зауыттарының қуаттылықтары артты. Өңірде жыл сайын 100 мың тоннадан астам сүт, 1,5 мың тоннаға дейін балық өңделеді.
Қант қызылшасының егіс алқабы 2022 жылғы 4,2 мың гектардан 2025 жылы 12,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Биыл 490 мың тонна тәтті түбір жиналып, 87 мың тонна қант өндіру жоспарланған.
Ақсу қант зауытына қатысты журналистер тарапынан «қарыздар қалды ма?» және «фермерлерге қант қызылшасы үшін субсидия толық төленді ме?» деген сұрақтар қойылды.
– Бұл әлеуметтік желіде шындыққа келмейтін ақпараттың таралуынан шыққан мәселе. Былтыр біздің ӘКК «Жетісу» Ақтөбенің ӘКК-сына қант аламыз деп 1,2 млрд теңге ақша аударған. Сол аралықта нарықта қант бағасы күрт өсіп кетті де, Ақтөбе ӘКК-сы бас тартты, ақшамызды қайтарыңдар деді. Сондықтан қаражат толық қайта қайтарылды. Биыл қаңтар-ақпан айларында зауыт ӘКК-ға ақшаны толық қайтарып берді. Бюджетте бір де бір шығын және заң бұзушылық болған жоқ. Екіншіден, 2024 жылы өткізілген өнімдерге берілетін субсидия 100 пайыз төленді.
Биылғы 5 млрд теңгелік субсидия жаңа жылға дейін толық төленеді. Қалған 5,5 млрд теңге субсидия келесі жылдың ақпанында беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігімен осындай келісім бар, – деп жауап берді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Сонымен қатар Бейбіт Исабаев жүгеріге қатысты сұрақтарға да тоқталды.
– Былтыр Қазақстан бойынша жүгерінің бағасы 55–60 теңгеге дейін түсіп кетті. Биыл өңірде 42 мың гектарға жүгері егіліп, 322 мың тонна өнім алынды. Зауыттарға өткізілетін жүгерінің бағасы субсидиямен бірге 110 мың теңгеге жетті. Келесі жылы суармалы алқаптардың артуына байланысты жүгері егісін кеңейту жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі өз сөзіне ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде су шаруашылығы нысандарының 45 пайызы тозған, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану міндеті өзекті болып қалып отыр, минералды тыңайтқыштар мен жоғары сапалы тұқымға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасына қажеттілік бар. Сондай-ақ әкім су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру маңызды екенін жеткізді.
Сонымен қатар Жетісуда 27 жаңа өндіріс ашылып, мың жарым жұмыс орны құрылғанын жазғанбыз.
Оған қоса, соңғы екі жылда Жетісу облысында 29 саябақ, 2 орталық алаң, көптеген балалар және спорт алаңдары салынып, жаңғыртылды. Елді мекендерде 250 мың ағаш отырғызылып, орман қоры 27,4 млн түп ағашқа ұлғайды.