Жетісу облысына қызылшаға қарсы 20 мың доза вакцина әкелінді
Жетісу облысында қызылша жұқтырғандар саны азаяр емес. Дәрігерлердің дерегі бойынша 467 адамнан жұқпалы ауру белгілері анықталып, 319 науқас ем алып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Мамандар қызылша эпидемиясын тоқтатудың жалғыз жолы екпе салдыру екендігін айтады. Осы мақсатта облыс тұрғындарын жаппай иммундау жұмысы жүріп жатыр. Қажетті екпемен қамту үшін өңірге 20 мың доза қызылшаға қарсы вакцина әкелінді.
«Жетісу облысына қызылша дертіне қарсы 20 мың доза вакцина әкелінді. Тамыз айынан бері өңірде бұл вирустық індеттің өсуі байқалған. Қазіргі таңда 467 жағдай тіркелсе, оның 319-ы расталып отыр. Ауру жұқтырғандардың 60 пайызы бес жасқа дейінгі балалар. Ал науқастардың 83 пайызы бұрын қызылшаға қарсы егілмегендер», - дейді Жетісу облысы санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова.
Өңір бойынша вирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған 37 мың адам анықталып, олардың 600-ге жуығы екпе салдырған. Ал желтоқсан айынан бастап 2 жастан бес жасқа дейінгі балалар екпе ала бастайды.