Жетісу облысында 100 мың гектардан астам егіс алқабы суарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысындағы «Қазсушар» РМК филиалы жергілікті шаруалармен су беру бойынша 7404 келісімшарт жасасқан, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Жетісу облысында 100 мың гектардан астам егіс алқабы суарылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бүгінгі таңда 100 мың гектардан астам егістік жер суарылып, 527,5 млн текше метр су алынды, сондай-ақ 17 мың гектар алқапта ылғалдандыру жұмысы жүргізілді. Вегетациялық кезең басталар алдында диқандармен ауыспалы егісті сақтау, ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін қысқарту, шаруашылықішілік каналдарды механикалық жолмен тазалау, сондай-ақ су үнемдейтін технологияларға кезең-кезеңімен көшу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Шілде айының бірінші онкүндігінде жауын-шашынның аз түсуі мен ауа райының қолайсыздығына байланысты филиал каналдар арқылы суды кезекпен беру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар Қаратал ауданының диқандарын сумен қамтамасыз ету үшін Көксу өзенінен қосымша су жеткізілді.

— Барлық өндірістік учаскеде шаруалардың сұранысына сәйкес су беріледі. Вегетация қалыпты режимде өтіп жатыр. Таулы мұздықтардан бастау алатын өзендердің деңгейі жыл бойы жауған жауын-шашын мөлшеріне және ауа температурасына байланысты. Филиал мамандары суармалы судың әділ бөлінуін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қазіргі таңда өңірде жағдай тұрақты, — деді Жетісу облысындағы «Қазсушар» РМК филиалының директоры Саят Құдайбергенов.

Бұған дейін Су ресурстары министрлігі 29 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізіп жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар