Жетісу облысында 11 мыңға жуық адам қызылшаға қарсы вакцина алды
Жыл басынан бері 556 жағдай тіркелсе, 381 науқастың өміріне дәрігерлер араша түскен, деп хабарлайды Kazinform.

«Қызылша жұқтырғандардың 83,2 пайызын бұрын вакцина алмағандар құрайды. Қазір өңірде инфекцияның таралуын болдырмау үшін қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы егу 12-15 айлығында және қайта егу 6 жаста жүргізіледі. Ал эпидемиялық жағдайға байланысты қосымша жаппай иммундау 6 айдан асқан, 2 және 5 жасқа дейінгі балалар мен бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі тұрғындар арасында басталды»,- дейді Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.
Бүгінге дейін Жетісу облысында 11 мыңға жуық адам қызылшаға қарсы қосымша вакцина алған. Оның ішінде 6-10 айдағы 2 118 және 2-4 жастағы 5 799 бала бар.
Сондай-ақ 2 577 медицина қызметкері мен екпе алуды өткізіп алған 18 жасқа дейінгі 205 тұрғынға вакцина салынды.