Жетісу облысында 18 мәдениет және спорт нысаны салынып жатыр
Жетісу облысында 10,9 млрд теңгеге мәдениет және спорт объектілері салынып жатыр. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Мәдениет және спорт саласында 18 нысанның құрылысы жүргізілуде (10,9 млрд теңге) оның ішінде 8 нысан қолданысқа берілді. Сонымен қатар биыл жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 4 блокты-модульдік спорт кешені ашылады», - деді Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек әкім «Қазақмыс» корпорациясымен демеуші ретінде Талдықорған қаласында онкологиялық орталық салу туралы келісімге келгенін айтты.
Сонымен қатар өңір басшысы денсаулық саласын сөз етті.
«Бұдан басқа, жергілікті бюджет есебінен биыл 21 блокты-модульдік медициналық пункт орнатылды, жыл соңына дейін тағы 6-ауы, ал 2025 жылға дейін 35-і тұрғызылады. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 59 нысан салу жоспарлануда», - дейді ол.
Айта кетейік, Жетісу облысында биыл 3 мыңнан астам пәтер беріледі.
Бұған дейін Жетісу облысында экономиканың өсу қарқыны 112,9% жеткенін хабарлаған едік.
Одан бөлек, аталған өңір дәнді дақылдардың көлемі жағынан Жетісу облысы алғашқы төрттікке кіреді.
Биыл орта және шағын бизнес саласы облыс бюджетіне 33 млрд теңге түсірді.