Жетісу облысында 2,6 трлн теңгеге 189 инвестициялық жоба қолға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында инвестиция тарту есебінен бірқатар жоба іске асып жатыр. Толығырақ облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтып берді.

— Облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде 2,6 трлн теңгеге 189 жоба бар. Осы арқылы 1 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген, оның ішінде 121 жоба қазір іске асып жатыр. Экономикалық өсу, әрі инвестиция тарту нүктелерінің ішінде Қорғас желісі мен «Достық» станциясының маңызы зор. Қытаймен шекаралас бұл аймақтардың көлік-логистикалық әлеуеті үлкен. Осы орайда инвестиция тарту, жүк легі мен транзитті ұлғайту, өткізу пункттерін жаңғырту бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді, — деді Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Өңір басшысы ұсынған мәліметке сүйенсек, «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақта және «Қорғас» халықаралық орталығында құны 63,3 млрд теңгеге 2 мың жұмыс орны бар 27 нысан іске асырылды.
— 2027 жылдың соңына дейін 1,1 трлн теңгеге 79 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, ол жерде 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Соның бірі «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақта жүк және жолаушылар әуежайы салынғалы жатыр, — дейді ол.
Бұған дейін Бейбіт Исабаев биыл 11 айда негізгі индикаторлар бойынша жоспар артығымен орындалғанын мәлім еткен еді.