Жетісу облысында 53 млн теңгелік конкурс заң талаптарын бұзғаны үшін тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында «Сарқан аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ңің қызметінде мемлекеттік сатып алу және сәулет-құрылыс заңнамасының сақталуына тексеру жүргізіп, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеп соғуы мүмкін бұзушылықтарды анықтады. 

Бас прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Қабылданған шаралар заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Анықталғандай, мекеме аудандық аурухана аумағында жалпы сомасы 53 млн теңгеден астам сомаға жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ашық конкурс жариялаған. Сатып алу құжаттамасында аталған жұмыстар «ағымдағы жөндеу» ретінде көрсетілген.

Жобалық құжаттаманы талдау нәтижесінде көзделген жұмыстардың, оның ішінде асфальт төсеу, аллеяларды абаттандыру, қоршаулар орнату және объектілерді монтаждау жұмыстарының өз сипаты бойынша тиісті арнайы құрылыс лицензиялары мен рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстары санатына жататыны анықталды.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша Сарқан ауданың прокуратурасымен прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Қадағалау органының араласуы нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, заң талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Айта кетелік Ақмола облысында картоп өсіру жобасын жүзеге асырып жатқан инвестордың құқығы қорғалған еді