Жетісу облысында ауа райына байланысты бірнеше жолға шектеу қойылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Өңірде қалың қар жауып, бұрқасын салдарынан бірнеше бағыттағы жолға уақытша шектеу қойылды.

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті 2025 жылы 30 қаңтар, сағат 19:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты (боран, бұрқасын, көру қашықтығының шектелуі) облыс аумағындағы бірқатар жолда барлық көлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынғанын мәлімдеді.
- Алматы – Өскемен – Қапал-Арасан (0–77 км) ; Сарыөзек – Көктал – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ (0–94 км); Көксу – Балпық би – Қарабұлақ – Қайнарлы (28–67 км) жолдары уақытша жабылды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар мына елді мекендерге кіреберіс жолдар жабық: Қоңыр, Көктөбе, Көшкентал, Аралтөбе, Онжас, Каспән, Талдыбұлақ, Доланалы, Қарымсақ, Қоржынбай.
Төтеншеліктер облыс тұрғындары мен қонақтарына қолайсыз ауа райында қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауды ескертеді.
Еске салайық, осыған дейін ауа райының бұзылуына байланысты екі облыста жол жабылғанын жазғанбыз.