Жетісу облысында ауаның ластану деңгейі төмен
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Экомониторинг нәтижелері бойынша облыс орталығы мен Текелі қаласының атмосфералық ауасының ластану деңгейі төмен.

Облыс бойынша шығарындылардың жалпы көлемі 2023 жылы 52 мың тоннаға жетсе, 2024 жылдың 1-ші жарты жылдығында — 9,7 мың тонна болған. Оның 45% — энергетика объектілеріне, 20% өнеркәсіп пен құрылысқа тиесілі. 2021 жылдан бері экологиялық инфракұрылымды
жақсарту бойынша шаралар іске асырылуда.
Талдықорған қаласы мен Ескелді, Көксу аудандары бойынша 6 қазандық газға ауыстырылды. 3,5 млрд теңге сомасында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигондар салынып, рекультивация бойынша 3 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Айта кететіні облыс тұрғындары арасында көп кикілжің тудыратын мәселенің бірі кәріз бен орталықтандырылған су жүйелері еді. Жауапты мамандар оны жергілікті атқарушы органдарға экологиялық төлемдерден түсетін қаражат есебінен шешуді ұсынған.
«Облыста орталықтандырылған су бұрумен 358 елді мекеннен барлығы 13 немесе 3,6% қамтылған. Текелі қаласының тазарту құрылыстары қанағаттанарлықсыз жағдайда. Мәселен, „Текелі су қубыры“ ШЖҚ МКК-не жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында зертханалық сынамалар нәтижелері бойынша экологиялық бұзушылықтар анықталды. 560 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тазарту құрылыстары бойынша сәйкессіздіктер Жетісу облысының басқа аудандарында да кездеседі. Жөндеу жұмыстарын жүргізу және тазарту құрылыстарын қайта жаңарту қажет.
Қалдықтармен жұмыс істеу мәселелеріне ерекше тоқталғым келеді. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату 11,65% болды. Бұл — өте төмен көрсеткіш. Республика бойынша орташа деңгей — 24%», — деді Жетісу облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектордың міндетін атқарушы Ерасыл Бекжанов.
Биыл космомониторинг шеңберінде 243 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 197-сі ғана жойылған. Осыған байланысты экология департаменті Қаратал және Көксу аудандары әкімдерінің орынбасарлары мен Алакөл, Панфилов, Ескелді аудандарындағы ауылдық округ әкімдерін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Экологиялық ахуалдың жақсарып, ауаның тазаруына жасыл желектің де пайдасы зор. 2024 жылы облыста 379,6 гектар жерге 1,5 млн дана ағаш отырғызылып, 3 мың 106 гектарға 15 тонна қара сексеуіл тұқымы егілген. 690 гектар аумақ жерді химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Еске салайық осыған дейін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысында тазалық акциясының жалғасын тапқанын жазғанбыз.