Жетісу облысында бекіре аулаған браконьер сотталды
Жетісу облысында Қызыл кітапқа енген бекіре тұқымдас балық түрін аулаған браконьер 3 жылға сотталды, деп хабарлайды Kazinform.

Қыркүйек айында Қаратал ауданының полициясы BMW X5 көлігін тоқтатып, тексерген кезде заңсыз ауланған балық түрін тапқан болатын. 43 жастағы азамат балықты Қаратал өзенінен аулағанын айтып, ақталған. Алайда, бекіре тұқымдас балық түрін аулауға тиым салынғандықтан, тәртіп сақшылары өнімді тәркілеп, сараптамаға жібереді.
«Сараптама балықтың бекіре тұқымдас балық екенін растады.Тәркіленген балықтардың бірі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген болып шықты. Ер адам облыс орталығының тұрғыны. Шығын шамамен 3 млн теңгені құрады. Тергеу материалдары аудандық сотта қаралды», – деді Жетісу облысы Полиция департаменті Табиғатты қорғау полициясының басшысы Бағлан Рымжанов.
Қаратал аудандық сотының шешімімен күдікті Қылмыстық кодекстің 335 бабы 3 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бостандығы шектелді.
Енді сотталған браконьер 3 млн теңгеден астам материалдық залалды және сот шығындарын да төлейді.