Жетісу облысында интернет алаяқтарға SIM-карталар дайындайтын топ ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM-Қылмыстық топ SIM-карталарды тіркеп, алаяқтарға сатқан. Әр карта 500-1500 теңгеге бағаланып, телеграм-каналдар арқылы саудаланған.
Күдіктілер 24 және 25 жастағы жетісулықтар. Олар күніне 10-нан 100-ге дейін SIM-карта тіркеген көрінеді. Тінту барысында 17 ұялы телефон, 2 ноутбук, 1 модем, 1000-ға жуық SIM-карта тәркіленді.

- Қылмыс келесі схема бойынша жүзеге асырылған: күдіктілер өздерінің жеке деректерін пайдаланып, Tele2 қосымшасы арқылы абоненттік нөмірлерді тіркеген. Содан кейін басқа қосымшаларды қолдана отырып, нөмірлерді іске қосып, SIM-картаны саудалаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісу облысының екі тұрғыны – 24 және 25 жастағы ер адамдар ұсталды. Олардың бірі Жамбыл ауылында, екіншісі Қаратал ауданының Достық ауылында тұрған, - дейді Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, осыған дейін Жетісу облысында 7 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген учаскелік полиция қызметкерінің сотталғанын жазғанбыз.
