Жетісу облысында Қаратал өзенінің арнасын заңсыз өзгерту әрекеті тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында Қаратал өзенінің табиғи арнасын рұқсатсыз өзгерту фактісі анықталып, заңсыз жұмыстар тоқтатылды, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Министрлік мәліметінше, бассейндік су инспекциялары су қорғау аймақтары мен белдеулерінде карьерлерді заңсыз қазу және пайдалы қазбаларды рұқсатсыз өндіру фактілерін анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Осындай тексерулердің бірінде Балқаш-Алакөл бассейндік су инспекциясы Жетісу облысының табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, Қаратал өзенінің арнасын заңсыз өзгерту әрекетін анықтаған.
Тексеру барысында уәкілетті мемлекеттік органның тиісті келісімінсіз су нысанының табиғи арнасын өзгертуге әкеп соққан жұмыстар жүргізілгені белгілі болды.
Аталған құқық бұзушылыққа байланысты кінәлі тұлғаларға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
– Өзен арнасын заңсыз өзгерту су нысанының табиғи гидрологиялық режимінің бұзылуына, жағалаулардың шайылуына және оған іргелес аумақтарды су басу қаупіне әкелуі мүмкін. Мұндай жұмыстар Қазақстан Республикасының су заңнамасының талаптарына қатаң сәйкес жүргізілуі керек, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушы Темірлан Әбдіқұлов.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде өзен арналары мен жағалауларынан құм, қиыршықтас және басқа да табиғи материалдарды заңсыз өндіру су экожүйелеріне кері әсер ететіні хабарланған еді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы және 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында су қорғау аймақтарында жер қойнауын заңсыз пайдалануға байланысты 8 млн теңгеден астам айыппұл салынған.