Жетісу облысында кейінгі үш жылда қандай жұмыстар атқарылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысы үш жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республикадағы үздік үштіктен көрінді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жетісу облысында кейінгі үш жылда қандай жұмыстар атқарылды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Әкімдіктің мәліметінше, кейінгі үш жыл ішінде өңірге 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде 796 млрд теңгесі – жеке инвестиция. Жалпы құны 135 млрд теңгеден асатын 135 жоба жүзеге асырылып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, Талдықорғанда аккумулятор шығаратын «Asma Industrial» ЖШС, май өңдейтін «Жетісу Мажико агрокешені» және «Стальбетон» кірпіш зауыттары жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар аталғандардың қатарында Кербұлақ ауданында құрылысы жүріп жатқан тау кен байыту комбинаты бар. 

Көлік-логистика саласында Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Нұр жолы», «Достық» өткізу бекеттері мен «Алтынкөл» станциясы негізгі экономикалық драйверге айналды. АЭА аумағында 54 млрд теңгенің 30 жобасы жүзеге асып, 1,8 мың жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда жалпы құны 629 млрд теңгеден асатын 38 жоба іске асыру сатысында тұр. Оның аясында тағы 5 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

«Достық» станциясында жаңа автомобиль өткізу пункті салынды, оның өткізу қабілеті тәулігіне 1 600 көлікке дейін жетті. Сонымен қатар жылына 3,9 миллион тонна немесе 350 мың контейнер өңдей алатын екі көпфункциялы жүк терминалы – «Dostyk TransTerminal» мен «ETT Dostyk» іске қосылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Достық–Мойынты темір жол учаскесінің құрылысы биыл аяқталады. Жоба жүзеге асқаннан кейін бұл бағыттың өткізу қабілеті тәулігіне 60 жұп пойызға дейін артады.

Агроөнеркәсіптік кешенде өнімдерді жергілікті жерде өңдеу деңгейі 65%-ға жетті, оның ішінде қант қызылшасы, жүгері, бидай, соя, ет, сүт өнімдері өңделеді. Қант қызылшасы алқабы 3,3 есеге ұлғайып, 13,7 мың гектардан 635 мың тонна өнім жиналды. Мал басы 2,5 млн-нан асып, оның ішінде 552 мыңы – ірі қара, 2,0 млн. басы – ұсақ мал, 224 мыңы – жылқы. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 55 жаңа ветеринарлық пункт салынды. 

Пайдаланылмай жатқан 1,2 млн гектар жер анықталып, оның 712 мың гектары қайта айналымға енгізілді. 500 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылды.

Тұрғын үй саласында 1 млн шаршы метрден астам баспана салынды. Талдықорғанда көппәтерлі 85 үй, сондай-ақ 182 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығында тұрғын үй кезегі 8,3%-ға төмендеді. Апатты үйлер мәселесі 90%-ға шешілді. 

Газдандыру жұмыстары аясында 84 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы толық аяқталған жағдайда, 192 ауылды газбен қамту көзделіп отыр. Аймақта орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 91,3%-ды құрады. 

Жол саласында 500 шақырымға жуық республикалық маңызы бар жолдар жаңғыртылды. «Талдықорған–Үшарал», «Үшарал–Достық», «Сарыөзек–Көктал» және «Жаркент–Қорғас» бағыттарындағы жолдар қайта жөнделіп, транзиттік әлеует артты. 

Туризм саласы қарқын алып келеді. Балқаш және Алакөл көлдеріне апаратын жолдар салынды. Үшарал әуежайы ірі ұшақтарды қабылдай алатындай етіп қайта жабдықталды. Жасылкөл және Бұрханбұлақ бағытында да жол құрылысы басталды. Өткен жылы өңірге 2 млн-нан астам турист келген.

Әлеуметтік салада 270 нысан салынды немесе күрделі жөндеуден өтті. Ауылдық жерлерге және қалаға барған дәрігерлерге 5 млн теңгеден 110 дәрігерге көтерме ақы беріліп, кадр тапшылығы 20,3%-ға төмендеді. 20 жаңа білім беру нысаны бой көтерді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Жаркент пен Талдықорған маңында 1200 орындық мектептер пайдалануға берілді.

Білім беру саласында 20 нысан салынды, олардың 15-і – жаңа мектептер. Бұл кезеңде бейімделген ғимараттар саны 69-дан 39-ға дейін азайды.

Мәдениет және спорт саласында 33 спорт нысаны мен 13 мәдениет үйі ашылды. Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды кешені мен тағы 10 мәдени нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Волейболшыларға арналған оқу-жаттығу базасы, үстел теннисі орталығы іске қосылды.

Абаттандыру бағытында 11 саябақ, 5 шағын саябақ, 2 аллея салынды. 360 мың ағаш отырғызылды, жыл соңына дейін тағы 60 мың түп көшет егу жоспарланған. 197 балалар алаңы абаттандырылып, тағы 76-сын жаңарту көзделіп отыр. 

Еске салайық, Президент Жарлығымен елімізде үш жаңа облыс құрылған болатын.

Соңғы жаңалықтар