Жетісу облысында көлік апатынан 2 адам қайтыс болды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысында ірі жол апатынан 2 адам көз жұмып, 6 адам жарақат алды. Жергілікті полиция қызметкерлері жүргізушілірге жолда мұқият болуды ескертеді.

Жол-көлік оқиғасы 16-қараша күні түнде болған. Жетісу облыстық полиция департаментінің дерегінше, Көксу ауданындағы Жарлыөзек ауылында МТ3-80 тракторы Volkswagen Passat және Toyota Carina жеңіл көліктерімен соқтығысып, апат салдарынан 2 жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. 6 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Жол полициясы қыс мезгілінде жылдамдық режимін қатаң сақтап, көліктердің маусымдық дайындығын уақытылы жасауды ескертеді.
Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Еске салайық бұған дейін Жетісу облысында жол көлік оқиғасынан 3 адамның мерт болғанын және Қарағанды – Алматы тасжолында жол апатынан 7 адамның көз жұмғанын жазғанбыз.