Жетісу облысында мал бағып жүрген екі азаматқа найзағай түскен

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – 3 тамызда Жетісу облысы Ескелді ауданына қарасты Ақынысарын ауылдық округінің таулы аумағында мал бағып жүрген екі азаматқа найзағай түсті. 

Найзағай
Фото: Pixabay

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1970 жылы туған азамат оқиға орнында көз жұмған. Ал, 1975 жылы туған екінші адам жеңіл жарақат алып, медициналық тексерістен кейін үйіне жіберілген.

Аталған дерек бойынша найзағай соққысынан ер адамның қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

– Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті сот сараптамалары тағайындалды, - деп хабарлады Жетісу облысының полиция департаменті.

Ведомство найзағай кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Ашық алаңда немесе таулы аумақтарда болғанда найзағай кезінде дереу қауіпсіз орынға жасырыну қажеттігі ескертілді.

Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК синоптиктері 4 тамызда қолайсыз ауа райына байланысты еліміздің 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланғанын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар