Жетісу облысында мемлекет қаржысын тиімді пайдалану жемісін беріп отыр
Жетісу облысында мемлекет қаржысын тиімді пайдаланудың нәтижесі өз жемісін беріп отыр. Атап айтқанда, аймақта агроөнеркәсіп кешенін дамытуды қаржылай қолдаудың аясында ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы өнім көлемі айтарлықтай артты, деп хабарлайды Kazinform.

Жетісу облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал қазір өңірдегі ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген жалпы өнімнің қаржылай көлемі 417,2 млрд теңгеге жетті. Бұл табысқа өңір диқандары қант қызылшасын өсіруге басымдық беру арқылы қол жеткізіп отыр. Облыстағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы шеңберінде 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқаптарын 2,9 есеге арттыру көзделген. Нәтижесінде жиналатын қант қызылшасының түсімі 434 мың тоннаға жеткізілмек. Ал қант шығаруды 184 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Мақсатқа жету үшін 26,5 мың гектар суармалы алқап қалпына келтіріліп, айналымға 4,5 мың гектар жер қосылмақ, яғни сумен қамтамасыз ету 47,8 мың гектарға жетеді.
Өңірдегі қант өндірісін жандандыру міндеті аясында Ақсу қант зауыты қалпына келтіріледі. Биыл зауыттың құрылыс жұмыстары аяқталып, қант өнімін өңдейтін желі орнатылған. Өндірісті іске қосу үшін 3 мың тонна қант құрағы мен 1,8 мың тонна мазут сатып алынған. Ақсу қант зауыты өңірдегі екінші ірі өндіріс ошағы болмақ. Қазір аймақтағы Көксу қан зауыты толық қуатында жұмыс істеп тұр.
«Биыл шаруалардан сатып алынатын қант қызылшасын субсидиялау үшін өнімнің әр тоннасына белгіленген бағаны 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін көтердік. Диқандарға бюджеттен 8,4 млрд теңге қолдау қаржы бөлінді. Бұл аталған дақыл көлемін 8,7 мың га дейін арттыруға мүмкін береді», - дейді Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампықов.
Жалпы, Жетісу облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту үшін 3 негізгі стратегиялық мақсат айқындалған. Ол қатарда қант, ет және сүт өндірісін ұлғайту міндеті тұр. Бұған қол жеткізу үшін агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау жалғаса береді. Қазірдің өзінде салалық бағдарлама бойынша берілген жеңілдетілген несиелер өз жемісін беріп отыр.
Соның бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Жетісу шаруалары жеңілдетілген несие беру бағдарламасының иглілігін барынша көріп отыр. Айтап айтқанда, өңірде нақты ауылшаруашылығы саласын дамыту бағыты ойынша диқан, шаруалардан жеңілдетілген несие алуға 616 өтініш түсіп, бүгінде жалпы сомасы 2,8 млн теңге болатын 460 өтінім мақұлданған екен. Бұл бағдарлама бойынша мал шаруашылығын дамытуға да бас мән беріледі. Дерек бойынша, Жетісу өңірдегі 169 шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен 29 мың бас асыл тұқымды мал басы сатып алынған.
Сондай-ақ облыста сүт өндірісін жандандыру үшін тауарлы-сүт фермаларына қолдау жасалып отыр. Бұл бағытта 2 миллиард теңге қосымша қаржы бөлініп, 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланған.