Жетісу облысы: «Достық үйінің» директоры жол сақшыларынан жұмыс орнын жасырғаны үшін тексеріске ілікті

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Қазақстан халқы Ассамблеясының белді өкілі, Жетісу облысы Қоғамдық келісім мекемесінің жетекшісі Руфина Усанованың үстінен тексеріс басталды. 

көлік әйел
Фото: Pexels

Руфина Усанова рульде келе жатып, көлік апатын тудырған. Оқиға орнында патрульдік полиция қызметкерлері оның үстінен хаттама толтырған. Десе де, 39 жастағы әйел полицейлер мен сотқа «еш жерде жұмыс істемеймін» деп жауап берген. Осылайша, ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 73 840 теңге айыппұлмен құтылған.

Айта кетейік, Руфина Усанова Жетісу облысындағы «Достық үйінде» былтырдан бері директор қызметін атқарып келеді.

Ал, Жетісу облыстық Қоғамдық даму басқармасы осы іске қатысты қызметтік тексеру жүріп жатқандығын айтты.

Еске салайық, бұған дейін біз Талдықорғанда масаң күйде науқас қабылдаған дәрігер жайлы жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар