Жетісу облысында нөсер жауын салдарынан үйлердің ауласын су басты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — 3 тамыз күні Жетісу облысы Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылында жауған қатты нөсер жауын салдарынан ондаған аула су астында қалды.

Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде жарияланды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жауын-шашынның көп мөлшері сай-салалар мен беткейлер арқылы ағып келіп, ауылдың бірнеше көшесін су басты.
Ең көп зардап шеккен Құлжабай би көшесінде жаңбыр суын ағызатын жүйе жауын көлемін көтере алмай, су жолға жайылып кеткен. Сонымен қатар Уәлиханов, Молдағұлова және Қайсенов көшелерінде де су басу жағдайлары тіркелді. Барлығы 48 аулаға су кіріп, соның ішінде 8 тұрғын үйдің ішіне дейін жеткен.
Ведомство өкілдері бұл жағдайдың негізгі себебі үйлердің іргетасының төмен орналасуы екенін атап өтті.
Сағат 22:10–да су сору жұмыстары толық аяқталды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Көлік қозғалысы шектелмеген.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері жедел түрде жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынған.
Айта кетейік, Қазақстан мен АҚШ су тасқынын болжайтын озық технологияларды енгізу мәселесін талқылаған болатын.