Жетісу облысында өткен Президент шыршасына 200 бала қатысты
Талдықорғандағы «Жастар» Спорт сарайында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты Президенттік шырша тойы өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Президент шыршасына облыстағы көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасыларынан шыққан оқу озаттары, ерекше қажеттілігі бар балалар, жетім балалар және «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері қатарындағы 200 бала қатысты.
Мерекелік шара жетісулық балалар өнер ұжымдарының бірлесіп флэшмоб билеумен басталды. Мұнан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларға арнаған құттықтау хаты үлкен экраннан көрсетілді.
Құттықтау хатта:
«Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Осы тамаша мейрем өзіңді қуаныш пен шаттыққа бөлесін! Өмірің жарқын сәттерге толы болсын! Кітап оқы, спортпен шұғылдан, табиғатты аяла және жақсылық жасауға ұмтыл! Білімпаз, еңбекқор, адал азамат бол! Асқақ армандарың ақиқатқа айналсын! Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!», - делінген.
Мерекеде облыс әкімі Бейбіт Исабаев та балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады:
«Бүгінгі Президент шыршасына тек қана жақсы оқыған, үлгілі, тәртіпті, өнерлі балалар шақырылады. Cол үздіктердің қатарында өздеріңнің болғандарыңа қуанамыз. Алдағы уақытта да жақсы білім алып, таланттарыңды шыңдап, айтулы азамат болыңдар. Жаңа жылда арман-тілектерің орындалып, жеңістерге жете беріңдер!», - деді Бейбіт Исабаев.
Мерекеде Б. Римова атындағы драма театрының әртістері, облыстық Д. Рақышев атындағы филармонияның өнерпаздары, Талдықорғандағы Оқушылар сарайының және аудан-қалалардағы театр және басқа да өнер үйірмелерінің қатысушылары, цирк ойыншылары, аниматорлар, трюк жасаушылар, акробаттар және басқа да өнерпаздар мерекенің көрігін қыздырды.
Жас көрермендер ескі Қоян жылын шығарып салып, жаңа Ұлу жылын қарсы алды. Балалар Аяз Атамен және Ақшақармен, шырша мерекесіне келген қонақтармен бірге шыршаны айналып, ән салды, ойын ойнап, түрлі жұмбақтар шешті. «Тәтті үстелге» қойылған торттан дәм татты.
Мерекеге арнайы шақырылған 200 балаға қыстық киімдер мен спорттық киімдер жиынтығы, тәттілер мен кітаптар сыйға тартылды.