Жетісу облысында өзенге құлап кеткен ер адамның денесі табылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жетісу облысында Көксу өзенінен темір арқан арқылы өтпек болып, суға құлап кеткен адамның денесі табылды.

Жайық өзені
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

– 15 мамырда Жетісу облысы Кербұлақ ауданында, оқиға орнынан 15 шақырым жерден Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары ер адамның денесін тауып, судан алып шықты. Денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды, сот-медициналық сараптама тағайындалды, – деп хабарлады Жетісу облысының баспасөз қызметі.

Ведомстводан атап өткендей, іздестіру жұмыстары бірнеше күнге созылды. Оған 98 адам мен 22 техника жұмылдырылды. Оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті, әскери полиция, ішкі істер департаменті, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы, әскери бөлімдердің өкілдері және жоғалған азаматтың туыстары бар.

Еске салайық, осыған дейін әлеуметтік желіде Көксу өзеннің үстінен темір арқан арқылы өтпек болған ер адамның суға құлап, ағыс алып кеткен видеосы тараған болатын.

Соңғы жаңалықтар