Жетісу облысында Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қалалық соты облыс бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы А.Сағымбековке және «Талдықорған акционерлік көлік-электржелілік компаниясы» АҚ басқарма төрағасы А.Күзембаевқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті.

Лауазымды тұлға пара алғаны үшін, ал квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы – 2025 жылға арналған өңір халқы үшін электр энергиясын тасымалдау тарифінің көрінеу жоғары құнын бекіткені үшін 500 мың теңге сомасында пара бергені үшін кінәлі деп танылды.
Сағымбеков пен Күзембаевқа тиісінше 15 млн теңге және 10 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынады.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Айта кетейік, Жетісу облысында мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзған шенділер жауапқа тартылды.