Жетісу облысында ұялы телефон ұстамайтын 20 ауыл бар

Жетісу облысында 352 ауылдық елді мекен бар. Мұндағы тұрғындар егін егіп, мал басын көбейтіп отыр. Алайда осы ауылдардағы интернет байланысының нашарлығы адамдарды алаңдатады, деп хабарлайды Kazinform.

интернет нашар
Суретте Түркістан облысы Аққұм ауылының тұрғындары интернет іздеп ауыл шетінде жүр. Otyrar.kz фотосы

Есеп бойынша, аталған 352 ауылдың ішінде 287 елді мекен мобильді интернет желісімен қамтылған.

Ал 65 ауылда ғаламторға қосылу мүмкіндігі төмен болса, 20 елді мекенде ұялы байланыс мүлдем жоқ екен.

Ұялы байланыс операторларының дерегінше, мобильді интернетпен қамтылған ауылдардың өзінде сапа нашар.

Байланыс күйі 135 ауылда 4G деңгейінде болса, қалған тұрғындар 3G деңгейіндегі интернетті қанағат қылып отыр.

Ғаламтор жылдамдығы алыс ауылдарды былай қойғанда, облыс орталығына жақын елді мекендерде де мәз болмай тұр.

Мәселен, Талдықорған қаласынан 15 шақырым жердегі Абай ауылының тұрғындары интернетке қосылу үшін биік төбе басына шығуға мәжбүр.

Әсіресе, мектеп оқушылары мен мұғалімдер қиналып жүр.

«Ескелді ауданына қарасты Абай ауылы Карабұлақ кентінен 5 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Интернет және мобильді бай­ланыс нашар. Былтыр ауылға әкімдік қара­жат бөліп, 50 дана „Транстелекомның“ Wi-Fi желісін тегін қойып берген. Содан тоқтап қалды. Енді бұл желіге қосылу үшін 50 мың теңге сұрап отыр, мұны ауыл тұрғындарының қалтасы көтермейді. Мобильді телефон байланысы түзелсе, ғаламтор бәрімізге қол жетімді болар еді», — дейді Ескелді ауданы Абай ауылының тұрғыны Алма Есболғанова.

 

Соңғы жаңалықтар