Жетісу облысында жол бойындағы темір қоршауға соғылған көлік жүргізушісі мерт болды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM- Көксу ауданында жол көлік оқиғасы болып, 59 жастағы жүргізуші мерт болды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жетісу облыстық полиция департаменті Көксу ауданында жол апатынан 1 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді. Құзырлы органның дерегінше, Көксу станциясы мен Жетіжал ауылының маңында Mitsubishi автокөлігі жол бойындағы металл қоршауға соғылған.
- Жарақат алған жүргізуші орталық ауруханаға жеткізілді, бірақ дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ол алған жарақаттарынан реанимацияда қайтыс болды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды,- делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге қыс мезгілінде аса сақ болуды және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Еске саламыз бұған дейін Жетісуда қарлы боранда жолда қалған 12 адамның құтқарылғанын және Жетісу облысында көлік апатынан 2 адамның қайтыс болғанын жазғанбыз.