Жетісу облысындағы әлеуметтік дүкендерде баға орта есеппен 10-15%-ға төмен
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандырудың 2 тетігін іске асырып отыр. Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында құны 1 млрд. 142 млн. теңге болатын 18 түрлі азық-түлік қоры бар.
Бүгінде өңірде 7 әлеуметтік сауда орны бар. 5 әлеуметтік дүкен Талдықорған қаласында. Сондай-ақ, «Жерұйық» коммуналдық базары және «Көкбазарда» сауда орындарын ашты. Мұндағы тауар бағасы нарықтық бағадан орташа есеппен 10-15%-ға төмен.
Әлеуметтік дүкендердегі азық- түлік бағасы:
1-санаттағы жұмыртқа құны ондығына 460 теңге;
Күнбағыс майы – 510 тг/л;
Күріш – 340 тг/кг;
1-сұрыпты бидай ұны – 180 тг/кг;
Ас тұзы – 60 тг/кг;
Картоп –190 тг/кг;
Пияз –110 тг/кг;
Сәбіз –160 тг/кг
«Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, 2023-2024 жылдары бағаны тұрақтандыруға 9,2 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде тұрақтандыру қорын қалыптастыруға – 1,2 млрд. теңге, кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несиелер беруге – 8,0 млрд. теңге қарастырылды. Бүгінгі күні бағаларды тұрақтандыру тектіктері бойынша 22,1 мың тонна көлемінде азық-түлік тауары бойынша келісімшарт бар. Сондай ақ, 21 тауар өндірушімен келісім жасалған. Оның қатарында, «Ақсу Қант» зауыты, «Көгер ЛТД» ЖШС жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы, «Sardar Export» ЖШС нан комбинаты, «Ляззат-2016» ЖШС сүт зауыты, картоп, сәбіз және пияз өндіретін 3 шаруа қожалығы», - дейді Жетісу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.
Сондай-ақ Түркістан облысының ерте пісетін көкөністерді өндіретін 1 шаруа қожалығы, 3 наубайхана және 3 мал бордақылау алаңы бар.
«Қос механизм бойынша әрекет ететін келісім-шарттар бойынша 263 мың. бөлке әлеуметтік нан, 452 тонна 1-сұрыпты ұн, 15 123 тонна қант, 668тонна күріш, 19тонна макарон өнімдері, 568мың литр күнбағыс майы, 62 тонна қарақұмық жармасы, 4 тонна ас тұзы, 3 тонна тауық еті, 4,4 млн. дана 1-санаттағы жұмыртқа, 150тонна сиыр еті, 233 тонна сүт өнімдері және 4654 тонна көкөніс өнімдерінің қоры бар, бүгінгі күнге, әлеуметтік сауда нүктелері және үй жанындағы дүкендер арқылы қалыптастырылған қорға үздіксіз тауар интервенциялары жүргізілуде», - делінген Жетісу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы берген ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар атқарылғанын жазғанбыз.