Жетісу облысындағы Қызылтас саяжайының тұрғындары сусыз, жарықсыз отыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM –  Талдықорған қаласының іргесіндегі Қызылтас саяжайында шешілмей тұрған мәселе көп. Тұрғындар «суымыз тұзды, көшеміз қараңғы, жолымыз шұрқ тесік» деп шағымданып отыр. Ал жауапты мамандар инфрақұрылым мәселесі  кезең-кезеңмен  шешіледі деп  уәдені үйіп-төгумен  келеді. 

Жетісу
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Қызылтаста 5 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың басты мәселесі күнделікті тұтынатын ауыз су болып тұр. Әркім ауласынан құдық қазып алған. Алайда 5-6 метр тереңдіктен шығып жатқан жерасты суы тұзды екен. Қалаға қатынауға мүмкіндігі барлар суды тасып ішіп отырғанын айтады. 

Жетісу
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Мен Қызылтас саяжайына 2016 жылы көшіп келгенмін. Содан бері суды құдықтан аламыз. Бірақ мұны ішпейміз. Жуынуға, кір жуғанға және моншаға пайдаланамыз. Ал ішуге таза суды қаладан сатып әкелемін. Литрі – 15 теңге. Көлігім бұзылып қалды, қазір автобуспен тасып жүрмін. Кейде автобус болмай қалғанда таксимен барамын. Мына суды ішу мүмкін емес», - дейді саяжай тұрғыны Райымбек Садырбаев.

Қызылтас саяжайына ауыз су құбырын тарту үшін бюджеттен 724 миллион теңге бөлінген. Мердігер компания 2022 жылы құбыр тартып бастағанмен, жұмыс мерзімінен кешіктіріліп жатыр. Шенеуніктер «Қарасай Құрылыс» ЖШС-ін сотқа берген. Соттың шешімі бойынша қазір аталмыш компания айыппұл төлеп, құбыр тарту жұмыстарын қайта жалғастырып жатыр. 

Жетісу
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталды деуге болады. Қалғаны – құбырлардың ішін жуып-тазалау жұмыстары. Темір құбыр болған соң тазалау қиындық тудырып жатыр. Жоспар бойынша біз тамыз айының соңына дейін су беруіміз керек болған. Енді қараша айының соңына дейін халыққа су береміз», - дейді Талдықорған қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков.

Тұрғындар жол мен жарық мәселесін де айтуындай-ақ айтып келеді. Кешкі уақытта тас қараңғы көшемен жүру қауіпті. Әсіресе, кешке сабақтан қайтқан балаларына алаңдайды. Ал, мұнда біреу ауыра қалса, саяжайға жедел жәрдем көлігінің де келуі мұңға айналады. Өйткені, жолдағы езілген батпақпен техниканың үйге дейін жетуі мүмкін емес.  

Жетісу
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Мен тұратын көшеде үлкен кісіге жедел-жәрдем жиі келеді. Жауынды күндері сол көлік біз жаққа жете алмай қалады. Өйткені жол батпақ. Қазір міне жаңбыр, қар жауады. Енді жедел-жәрдем шақырсақ сіздің көшеге бара алмаймыз төменге келіңіз дейді. Ауырып тұрсаң да жаяу бару керек. Өрт болса өрт сөндірушілер де кіре алмайды», - дейді Айгүл Бекенқызы. 

Жетісу
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Мен 2006 жылдан бері осында Цветочная көшесінде тұрамын. Біз тұрғалы бері көшеде жарық жоқ, тас төселмеген батпақ-батпақ. Балаларымыз мектепке әрең барады. Қайтқанда су-су болып келеді. Былтыр тас төселді, бізге тағы жетпей қалды. Төрт көшеде ғана жарық бар, қалғандарында жоқ. Мектебіміз алыс, Әлімжановтың бойында. 27-ші мектепке барамыз. Кешке жақын қараңғы болады, балаларымыз қорқады. Жер су болып жатады. Ішкен суымыз да тұзды. Әкім өзі келіп, бәрін көріп, суды да береміз деп айтып кеткен. Ол кісіге қарасақ болмайтын сияқты. Әйтеуір келіп уәде береді, уәде бергеннен кейін орындалмайды ештеңе», - дейді саяжай тұрғыны Балауса Дудабаева.

Бүгінде саяжайдағы 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалып, тас төселген. Келесі жылы үш көше қамтылады. Қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының айтуынша, құрылыс жүретін көшелерді саяжай тұрғындарымен ақылдаса отырып белгілейді. Осылайша жыл сайын кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, саяжай көшелерін толық асфальттаймыз деп сендірді. 

Жетісу
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Құрылысы жүруі тиіс көшелердің ақшасы бөлінген, жобасы дайын. Келесі жылы жасалатын үш көшенің жобасын енді дайындаймыз. Жобалаушы мердігер анықталған. Ертең осында сол үш көшені анықтауға тұрғындардың өзі келеді. Өздері бекіткен саяжайдың төрағасы көше тізімін береді, соларды жасаймыз», - дейді Талдықорған қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ерлан Ниетбаев.

XXI ғасырда су мен жолдың, жарықтың қызығын көре алмай отырған Қызылтас тұрғындары басшылар тарапынан берілген уәде «желге ұшпай», ертерек орындалса дейді. 

Жетісу
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Жетісуда 30 жылдан бері жөнделмеген жолға асфальт төселгені туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар