Жетісу облысындағы Көксу өзенінде су деңгейі күрт көтерілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында күн күрт жылынып, Көксу өзенінде су деңгейі көтерілді. 

Жетісу облысындағы Көксу өзенінде су деңгейі күрт көтерілді
Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде қатты ағып жатқан өзен суының видеосы тарады. 

Көксу ауданы әкімдігінің хабарлауынша, 29 сәуір күні сағат 15:30-да уақытша су өткізгіш құрылыстарын орнату кезінде Көксу өзенінде су деңгейінің күрт көтерілгені тіркелді. Бұл күннің күрт жылынып, өзен арнасына судың көп құйылуынан болды. Сол себепті уақытша айналма каналдағы судың деңгейі жобалық деңгейден асып кеткен. 

– Уақытша арнаны су шайып кетпес үшін, сондай-ақ құрылыс техникасына зақым келтірмеу мақсатында Көксу өзенінің ұлғайған көлемін өткізу үшін магистральдық арнаның жоғарғы және төменгі бөгеттерін ашу туралы шұғыл шешім қабылданды, - деп түсіндірді әкімдіктен. 

Жергілікті әкімдіктегілер атап өткендей, гидротехникалық құрылыста жұмыс су тасқыны аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылды. Жұмысты қалпына келтіру туралы қосымша ақпарат беріледі. 

– Көксу өзенінің арнасына су жіберу жұмыстары құрылыс нормалары мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып жүргізіліп жатыр. Қазір Көксу өзені қоршаған ортаға немесе тұрғындарға қауіп төндірмейді, - делінген хабарламада. 

Осыған дейін Жетісу облысының Ақсу ауданында көпірді су шайып кеткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар