Жетісу облысындағы мектептердің бірінің асханасынан шыққан тышқан жұртты дүрліктірді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM- Әлеуметтік желіде мектеп асханасында тышқан жүргені туралы жазба тараған еді. Бұл оқиға бойынша Ақсу аудандық білім бөлімі жауап берді.

Телеграм каналдардың бірінде мектеп асханасында жүрген тышқанды түсіргендердің бейнежазбасы тарады. Бір таңқаларлығы тырс еткен дыбыстан зытып жоғалатын зиянкес адам жақын барып видеоға түсіріп жатса да, қашпайды. Әлде қаша алмайды.
Болған жағдайға байланысты Жетісу облысы, Ақсу аудандық білім бөлімі жауап берді.
- Жоғарыда көрсетілген видео Ақсу ауданы Қаракемер орта мектебінің асханасы екені анықталды. Асхананы пайдалану бойынша 2024-2025 оқу жылына мердігер «Шебер ЖК болып анықталған. Мердігер мектеп асханасына дератизация жұмыстарын жүргізуге ҚР ДСМ санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жетісу облысы бойынша филиалының Ақсу аудандық бөлімшесімен оқу жылының басында келісімшарт жасалған. 2024 жылы қараша айында мектеп асханасына «Фипрат ALT» ТБ атты препаратпен дератизация жұмыстары жүргізілген. Аудан бойынша білім беру ұйымдарына оқу жылының басында ҚР ДСМ санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитеті Ақсу аудандық санитарлық-эпидемологиялық бақылау басқармасы тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілген,- деді Ақсу аудандық білім бөлімі.
Ал аудандық санитариялық- эпидемиялогиялық бақылау басқармасы заң жүзінде жоспардан тыс тексерулер анонимдік жолданымдар болған жағдайларда жүргізілмейтінін мәлімдеді.
- Бейнежазбада көрсетілген фактілер бойынша Ақсу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін «Е-өтініш» порталы арқылы халықтың өмірі мен денсаулығына зиян/қатер келтірудің нақты фактілері көрсетілген бұзушылықтарды көрсете отырып өтініш жолдау қажеттігін хабарлаймыз,- деді Ақсу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Әйгерім Санаққызы.
Еске салайық осыған дейін Жетісу облысында 4000 оқушы тыйым салынған сайттарға кіргенін жазғанбыз.