Жетісу облысының Ақсу ауданында көпірді су шайып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Ақсу ауданында «Жансүгіров-Матай» автожолының 34-шақырымында су өткелінің тозуына байланысты темірбетон құбыры мен жол төсемінің бір бөлігі қирады.

Ақсу аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ТҮИ бөлімінің басшысы Мадияр Нұрахметов бұл ақпаратты растады.
— Облыстық маңызы бар Ақсу-Ойтоған ауылдарының арасындағы автомобиль жолында орналасқан көпір күннің күрт жылынуы себепті, қар суы көпірді шайып кетті. Қазіргі уақытты тиісті жол қозғалысы шектелді, қалпына келтіру шаралары бойынша мамандар жұмыс істеуде, — деді ол.
Кейіннен аудандық бөлім басшысы жол қозғалысы қалпына келтірілгенін мәлім етті.
— Ақсу-Ойтоған ауылдарының арасындағы жол қалпына келтірілді. Қазіргі таңда арнайы белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылды. Жол ашық. Құрметті жолаушылар аталған жол учаскесінде жылдамдықтың қатаң сақтауды сұраймыз, — деп ескертті Нұрахметов.
Осыған дейін Жетісу облысында браконьерлерден 200 келіден астам балық тәркіленгенін жаздық.